Болат Назарбаев тартып алған: Алматы технологиялық университеті Никольский базары аумағындағы жер телімін 14 жылдан бері даулап келеді
Алматы технологиялық университеті Никольский базарының аумағында 2011 жылы алған жер теліміне таласып жатыр. Олар сотта жеңіске жеткенімен, университет өзіне тиесілі аумаққа кіре алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: АТУ баспасөз
Қазақстан баспасөз клубында аталған университет өкілдері жер теліміне қатысты мәселелерін айтты. Осыдан 14 жыл бұрын Алматы технологиялық университеті Никольский базарының аумағынан жатақхана мен оқу корпусын салу үшін жер телімін алған. Дегенмен университет ұзаққа созылған сот күресіне тап болды.
Никольский базары – қала орталығында орналасқан Алматыдағы ең көне сауда нүктелерінің бірі. Соңғы онжылдықта базар бірнеше рет даулы оқиғаның астында қалды.
Бәрі неден басталды
Алматы технологиялық университетнің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметовтың айтуынша, жоғары оқу орны бұл жерді 583 миллион теңгеге сатып алған.
"2011 жылы бізге "СәулетТ-Құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жылжымайтын мүлік сатып алу туралы ұсыныс түсті. Ұсыныс бізді қызықтырды. Себебі жер телімінің нысаналы мақсаты мен орналасқан жері университет мүддесіне сай келді. Сосын келісімге келдік", – деді АТУ бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов.
Университет тарапы жер телімін сатып алған соң, оларды аумаққа кіргізбей қойған.
Жоғары оқу орнының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Балзада Есембаеваның айтуынша, кейіннен бұл жер телімінің "Альянс Банк" АҚ кепілдігінде екені анықталды. Содан кейін банк, "СәулетТ-Құрылыс" ЖШС және университет арасында үш жақты жиналыс өткен. Жиын кезінде банк жер телімін кепілден шығару үшін "СәулетТ-Құрылыс" серіктестігінің қарызын жабуды талап еткен. Алматы технологиялық университеті бұған келісіп, ақшаның бір бөлігін банкке жіберген.
2011 жылы шілде айында "Дар-Строй" ЖШС университет пен "СәулетТ-Құрылыс" ЖШС арасындағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы арыз берген.
Мәліметке сәйкес, "СәулетТ-Құрылыс" ЖШС "Дар-Строй" ЖШС-нен қомақты сома алған. Егер ол қайтарылмаған жағдайда учаскені соларға беруі тиіс болған. Бірінші сот процесі университеттің пайдасына шешілді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданарлық экономикалық соты "Дар-Строй" ЖШС-нің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Дегенмен сол жылы қазан айында апелляциялық сот алдыңғы сот шешімін жойып, "Дар-Строй" ЖШС-нің талаптарын толық қанағаттандырды. Сот "СәулетТ-Құрылыс" ЖШС-ін университетке ақшаны қайтаруға, ал Алматы технологиялық университетін жер телімін "Дар-Строй" ЖШС-не беруге міндеттеді.
Жер телімі қолдан қолға өтіп келген
Университеттің құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Балзада Есембаеваның айтуынша, жылжымайтын мүлік әртүрлі мәмілелер арқылы қолдан қолға өтіп келді.
Университет өкілдері бұл оқиғаның артында Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаев тұр дейді.
Университет заңгері Балзада Есембаеваның айтуынша, университет алған мүлікке құқықтарын ешқашан пайдалана алмаған.
Олардың мәліметінше, 2013 жылы СәулетТ-Құрылыс" ЖШС 2012 жылы шілдедегі сот шешімін орындаудан жалтарып, даулы жер телімін "Обслуживание и эксплуатация жилищно-деловой слободы" ЖШС-не 795 миллион 782 мың 741 теңгеге сатып жіберген.
Ал 2015 жылы аталған ЖШС ғимарат пен жер телімін Болат Назарбаевқа 374 миллион теңгеге сатқан.
2021 жылы наурыз айында Болат Назарбаевтың жұбайы Гүлжан Төлегенқызының қайтыс болуына орай, оның даулы жер телімі балаларына мұрагерлік жолмен өткен. Ал олар даулы мүлікке қатысты өздеріндегі үлесін сол жылдың мамыр айында әкесі Болат Назарбаевқа сыйға берген. Осылайша кіші Назарбаев бұл мүліктің жеке дара меншік иесі болған. Болат Назарбаевтың тұсында жер телімінің мекен-жайы, кадастрлық номері, нысаналы мақсаты, көлемі, барлық деректемелері өзгерген. Сонымен қатар жер теліміндегі барлық нысандар бұзылған. Сол уақыттан бері, даулы жер телімі ашық аспан астындағы автотұрақ мақсатында пайдаланылып келеді.
Ал оны 2021 жылы күз кезінде Назарбаев ұйымдасқан қылмыстық топ ісі бойынша биыл 10 жылға сотталған Айдос Қоспаев құрған Nikolsky Investment ЖШС-не 354 миллион 641 мың 190 теңгеге сатқан. Өткен жылдың соңында қаржы мониторингі агенттігі Қоспаевтың Никольский базарында тәркіленген мүлкі шетелдіктерге заңсыз сатылып жатқанын хабарлады.
Фото: Видеодан скрин
2022-2023 жылдар аралығында осы іс бойынша сотталған Ерлан Имашев ЖШС директоры болған.
2022 жылы университет президентке жүгінді. Содан кейін мәселеде біршама өзгерістер болды.
Заңгер Жақсылық Тұрсынбайдың айтуынша, осыдан кейін Бас прокуратура бұған дейін болған барлық әрекеттерге наразылық келтірген. Ал 2023 жылы Жоғарғы Сот барлық актілерді қарап шығып, университет келісімін заңды күшіне енгізу туралы шешім шығарып, заңмен тоқтатылды және жарамсыз деп танылды. Алайда сот шешімі орындалмады.
Университет өкілдері меншік иесі ретінде жер теліміне әлі қол жеткізе алмай отыр. Енді оқу орны тағы да сотқа шағым түсірмек.
Еске салайық, осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы "Сарыарқа", "Никольский" базарлары сүрілетіні туралы жазған едік. Ал өткен жылы желтоқсан айында Болат Назарбаевтың сенімді адамы болған Айдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеу барысында алаяқтар аресті заңсыз шешіп, Алматыдағы Никольский базарында тәркіленген мүлікті сатпақ болғаны туралы жазған едік. Осыдан кейін сот Айдос Қоспаев құрылтайшы болған, "Nikolsky Investment" ЖШС тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салған.