"Иығы, шынтағы мен жамбас сүйегі сынған": Алматы тауында жасөспірім 15 метрлік жардан құлап кетті
Фото: Алматы қаласының құтқару қызметі
Құтқарушылар Алматы тауларындағы “Үш ағайынды” шыңында жартастан құлап кеткен 17 жастағы жасөспірімді эвакуациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдай туралы дабыл 17 шілде күні сағат 16:50-де түскен. Үш жасөспірім таудан түсіп келе жатып бағыттан адасып кеткен. Олардың бірі шамамен 15 метр биіктен құлап, есінен танып қалған. Абырой болғанда құтқарушылармен телефон арқылы байланысқа шығып, координаттар жіберілген.
Құтқару қызметінің мәліметінше, сағат 17:05-те "БАУ" бақылау-құтқару пунктінен бес адамнан тұратын экипаж жолға шықты. Сағат 19:55-те олар Терешкова шыңы маңынан жасөспірімдерді көріп, байланыс орнатты. Ал 21:46-да құтқарушылар зардап шеккен жасөспірімнің жанына жетті.
“Жасөспірімнің иығы, шынтағы мен жамбас сүйегі сынған болуы мүмкін. Сондай-ақ омыртқасына зақым келген болса керек. Ол тасымалдауға жарамсыз деп танылды”, – делінген хабарламада.
Жасөспірімді эвакуациялау үшін тікұшақ тартылды. Сонымен қатар төтенше жағдай орнына “Тұйық-су” мен “Мұзтау” бекеттерінен қосымша құтқарушылар тобы аттанды. Көкжайлау үстіртіне ТЖМ-ның Медициналық апаттар орталығының бригадасы жетіп, құтқарушылар оларды зардап шеккен жасөспірімге дейін алып барды.
Бала Алматы қалалық №1 балалар ауруханасына жеткізілді. Оның екі досы да әуе көлігімен Боралдай әуежайына дейін тасымалданып, кейін үйлеріне өз бетімен кетті. Іздеу-құтқару операциясы аяқталды.

"Екінші балаға бұл салт-жоралғы жүрмейді": Қазақстандық ата-ана құдаларынан босанған қызын 40 күнге жіберуге рұқсат сұрап, кәдесый алып келген
