Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы полициясы самокатты дұрыс емес жерге қойғаны үшін айыппұл салуды ұсынды

Алматы полициясы самокатты дұрыс емес жерге қойғаны үшін айыппұл салуды ұсынды (1)Фото: depositphotos.com

Құқық қорғау органдары самокатпен болған жол-көлік оқиғаларының көбейгенін алға тартып, заң бұзатын самокатшылармен күрес мәселесін талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылдың соңына қарай Алматыда жалға беру сервистерінде пайдаланылатын 22 мыңнан астам электросамокат болған. Кикшеринг компанияларының мәліметінше, маусым кезінде қалада электросамокатпен жасалатын күнделікті сапар саны 100 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш Алматы метрополитенінде тәулігіне тіркелетін жолаушылар санына шамалас.

Алматы полицейлерінің айтуынша, сұраныстың артуымен бірге жол-көлік оқиғаларының саны да көбейіп келеді. Мысалы, 2025 жылы электросамокаттардың қатысуымен 380-нен астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 200-ге де жетпеген. Зардап шеккендер саны өсіп, қаза тапқандар да бар. Сондықтан құқық қорғау органдары ережелерді қатаңдату қажет деп санайды. Атап айтқанда, прокурорлар төлем есептеу тәртібін қайта қарауды ұсынып отыр.

“Кикшеринг компанияларын төлемді минутпен емес, жүріп өткен қашықтыққа қарай алуға бағыттау ұсынылды. Себебі электросамокат жүргізушілері аз төлеу үшін А нүктесінен В нүктесіне мүмкіндігінше тез жетуге тырысады. Осыған байланысты жолақы үшін нақты, белгіленген сома төлеу енгізілсе, жылдамдық режимі де сақталады деп есептейміз”, – Алматы қаласы прокуратура басқармасының прокуроры.

Полиция өкілдерінің пікірінше, электросамокат жүргізушілері тұраққа қою ережелерін де сақтауы тиіс. Осыған байланысты екі дөңгелекті көлікті ретсіз қалдыратындарға қаржылай жаза қолдану ұсынылды.

“Төлем көлікті белгіленген орынға түпкілікті қойғанға дейін алынып отырды. Яғни, белгілі бір тіркеу болуы үшін. Сондықтан осы техникалық мәселелерді біз міндетті түрде пысықтаймыз. Қазір самокаттың қандай жылдамдықпен қозғалып келе жатқанын қадағалайтын техникалық мүмкіндік жоқ. Осы себепті бұл мәселе де заманауи ақпараттық технологияларды ескере отырып қарастырылады”, – деді Алматы қаласы полиция өкілі Салтанат Әзірбек.

Автоэксперт Алексей Алексеевтің айтуынша, заң оларды реттемегендіктен самокатшылар қала ішінде қалай болса солай жүріп жүр.

“Тротуармен сағатына 40-60 шақырым жылдамдықпен жүре береді. Ертең заң шығарушылар бұл мәселеге қайта оралып, “тағы да мынаны қосу керек” деуі мүмкін. Неге мұның бәрін бірден кешенді түрде шешпеске? Меніңше, бұл заңдарды дайындап жатқан адамдардың арасында велосипед тебетіндер де, жаяу жүретіндер де жоқ. Тротуармен күнде жүріп, оның көлік жүретін жолға айналып кеткенінен қиналатын қарапайым адамдардың пікірі ескерілмей отыр”, – деді Алексей Алексеев.

Ал мопед жүргізушілеріне көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу міндеттелген. Полицияның айтуынша, осыдан кейін бір жыл ішінде мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары 12 пайызға азайған. Түзетулерді ұсынғандар жаңа ережелер самокаттармен байланысты мәселені де шешуге көмектеседі деп үміттенеді. Жаңа талаптар 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 09:04