Алматылық ер адам иттерге таланған 10 жасар баланы құтқарып қалды: Енді оның жазалануын талап етіп отыр
Фото: Stan.kz
Алматы облысында ер адам 10 жасар Максимді құтқарып қалу үшін төбелескіш иттерді пышақтап өлтірді. Енді иттердің иелері одан өтемақы талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, оқыс жағдай Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 30 мамырда болған. Ойнап жүрген 10 жасар баланы екі қабаған ит жұлмалап, ауыр жарақаттады.
Зейнеткер Серікбек Сақайбековтің айтуынша, стадионның қасынан өте бергенде, кенет топырлаған балалардың жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.
"Сол сәтте қолымда ештеңе болған жоқ, не таяқ не темір де жоқ. Жан-жағыма қарасам, көлігімнің есігінің қалтасында бәкі жатыр екен. Балыққа барғанда алып жүретін едім. Бәкімді қолыма ұстап, бірден жүгіріп кеттім. Жүгіріп барсам, баланы иттер ұмасынан алып сілкіп, жұлмалап жатқандай көрінді. Жақын барып қалғанда ол тұсынан емес, питбуль тұқымдас ит санынан тістеп жатыр екен. Сосын сол итті бірінші ұрдым. Бір сәтте баланың бір құлағының жартысы жоқ. Қанға қақалып жатыр. Басы, беті таланған. Бірақ көзі ғана көрініп тұрды. Анасының айтуынша, бір көзі көрмейді, жағын айырып жіберген. Содан әлгі бала "помогите, дядя" деп қанжоса болып айғайлады", – деп Серікбек Сақайбеков жағдайдың қалай болғанын айтты.
Ер адамның айтуынша, екінші овчарка тұқымдас ит баланың иығынан тістеп, сүйреп, ұстатпай қойған.
"Қуыршақ секілді тістеп ары-бері сүйреді. Ол итті қуалап ары жүгірем, бері жүгірем. Сөйтіп баланың үстіне секіргендей болып, екінші итті ұрып өлтірдім. Енді сол екі қабаған иттің иелері олардың қымбат екенін айтып, маған төлейсің деп жатыр. Қазір енді сол үшін мына жерде жиналыс болып, тұрғындар "саған төлеттірмейміз" деп жатыр. Сонда мен не істеуім керек еді? Кішкентай баланың қан жоса болып, шырылдап жатқанына қарап тұруым керек пе еді? Басын шайнап тастағанша үнсіз қарап тұрам ба?! – деп күйінеді Серікбек Сақайбеков.
Айта кетейік, Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаны растап, кәмелетке толмаған балаға ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Иттердің оңалту орталығы аумағында болғаны анықталды. Орталықтың жауапты тұлғаларына да құқықтық баға берілмек. Полиция тұрғындарды сақ болуға, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қадағалауға шақырды.
Біраз уақыттан кейін құзырлы орган өкілдері Серікбек аға үшін алаңдаған барлық жандарға жақсы жаңалықты хабарлады. Ер адам иттерді өлтіргені үшін оған ешқандай жаза қолданылмайтынын хабарлады.
Полиция мәліметінше, бұл азаматқа қатысты ешқандай процессуалдық шешімдер қабылданбаған. Қылмыстық кодексінің 32-бабына ("Қажетті қорғаныс") сәйкес оның әрекеттері өзін өзі қорғау мақсатында жасалған заңды әрекеттер ретінде қарастырылады.
“Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндірген шабуылға қарсы қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық жазаланатын әрекет болып саналмайды. Сондықтан кәмелетке толмаған баланы жануарлардың шабуылынан қорғап қалған азаматтың әрекеті қолданыстағы заң нормаларын бұзбайды және құқықтық салдарға әкелмейді”, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар полицейлер жануарлардың иесінің әрекеттері жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті. Егер заң бұзушылық белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.
Қазақстандық әйел мысық тістеген соң көз жұмды
Ер адам иті үргені үшін көршілеріне ай сайын 106 мың теңге өтемақы төлейтін болды
Еске салайық, бұған дейін итке таланған баланың анасы Екатерина Бурмистровамен хабарласқан едік. Ол ұлының жағдайы ауыр, беті мен денесі жараланған дейді. Иттердің оңалту орталығына тиесілі екені анықталды. Анасы барлық құжаттарды жинап, сотқа жүгінбек. Ұмтыл округінің әкімі мен полиция оқиғаны растады. Ит иелеріне айыппұл салынып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Балаға көмек көрсету үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қаражат жинап жатыр.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
