Алматы облысының әкімдігі желіде тегін 10 соттық жер таратылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды
Фото: avito.ru
Алматы облысының әкімдігі 10 соттық тегін жер беру туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде өңірде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін қайта бөлу бойынша ауқымды жұмыс басталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл ақпаратта 10 соттық тегін жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға берілетіні айтылған.
Алматы облысы әкімдігі қазір саяжай массивтерін елдімекен жерлеріне ауыстыру және олардың мақсатты пайдаланылуын жеке тұрғын үй құрылысына немесе қосалқы шаруашылыққа өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын растады. 2025 жылы жалпы ауданы 123 гектар болатын 23 саяжай массивін қосу жоспарланып отыр.
Алайда әкімдік 2025 жылы 10 соттық тегін жер телімдері берілетіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Егер жерлерді интеграциялағаннан кейін бос учаскелер болса, мұндай жер телімдері кезек тәртібімен беріледі", – деп нақтылады Алматы облысының әкімдігі.
2025 жылға қарай Алматы облысында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 соттық тегін жер алу кезегінде 1 284 488 адам тұр.
"Биыл өңірде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жоспарланбаған. Себебі кезекте тұрғандарға беруге дайын бос жер телімдері жоқ. 2023 жылы Алматы облысында 4 300 жер телімі берілді, бұл жалпы кезекте тұрғандардың 0,4%-ынан аз. Жер беру үдерісі алаңдарды дайындау мен бос аумақтардың пайда болуына байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл шектеулі ресурстар және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты", – деп атап өтті әкімдік.
"12 жыл күттік": Қазақстандық әйел мемлекеттен тегін 10 соттық жерді қалай алғанын айтып берді
Генерал-майор Алматының тау бөктеріндегі 840 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында алдағы уақытта тегін 10 соттық жер теліміне кезек айтарлықтай қысқаратынын жаздық. Кезекте тұрған азаматтарға жер бұрынғы саяжай учаскелерінің орнынан беріледі.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
