Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жеке үйдің "жаңа жылдық" безендіруі желідегілерді сүйсінтті (видео)

Алматы облысында жеке үйдің Видеодан скрин

Алматы облысының Шелек ауылында жүздеген жарықтар мен мерекелік әшекейлермен безендірілген жеке үй жергілікті көрікті орынға айналып, желі қолданушыларының назарын аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шелек ауылының тұрғыны TikTok-та Жаңа жылға арнайы безендірілген, ерекше үйдің видеосын бөлісті. Видео авторының айтуынша, мерекелік безендіру бұл үйде тек биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері жасалып келеді. Оның сөзінше, үй иелері әр жылы үйді жаңаша безендіруге тырысады, ал көпшілік арнайы суретке түсіру үшін осы жерге келетін көрінеді.

“Олар бұл үйді әр жыл сайын безендіреді, 5–10 жыл болған шығар. Бұрын әлеуметтік желілер болмағандықтан, ешкім бұл туралы естімеген”, – деп жазды видео авторы.

Желі қолданушыларының бір бөлігі оларға мерекелік көңіл-күй сыйлағандары үшін алғыс айтса, бір бөлігі қауіпсіздік пен үй иелеріне салынуы мүмкін айыппұлдар туралы жазды.

Алматы облыстық ТЖД ғимараттардың сыртын Жаңа жылға безендіру заңға қайшы келмейтінін атап өтті.

"Жеке үйлерді өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып Жаңа жылдық жарықтармен безендіруге заңнама бойынша тыйым салынбаған. Сонымен қатар конституцияға сәйкес, тұрғын үй қауіпсіз әрі қорғалатын нысан болып табылады. Яғни ТЖД қызметкерлері тұрғын үйлер мен пәтерлерді тексермейді, тек ұсынымдар бере алады", – делінген департамент хабарламасында.

Еске салсақ, осыған дейін Cтепногорскідегі қорқынышты Аяз ата мен Ақшақар мүсіні дау туғызған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 29 Желтоқсан, 2025 22:15