Алматы облысында жоғалған тікұшақ: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Фото: Қорғаныс министрлігі
Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасы маңынан бөлшектері табылған EC-145 әскери тікұшағының экипажын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 28 шілде күні Сорбұлақ су қоймасы ауданында іздеу-құтқару операциясы жалғасқан. Су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілген, сонымен қатар ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақты әуеден бақылау жүргізілген.
“Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылуда. Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасуда. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Алматы облысында жоғалып кеткен тікұшақ ұшқыштарының туыстары үндеу жариялады
Әзірге жоғалған тікұшақ экипажы табылған жоқ.
Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп экипажды табу үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, 25 шілде күні Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кеткені туралы жазған едік. Тікұшақ бортында үш экипаж мүшесі болған. 26 шілде күні жоғалған тікұшақтың бөлігі Сорбұлақ су қоймасының ішінен табылған еді.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
