Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындар жайылым жердің қытайлық компанияға берілуіне қарсы шықты: Облыс әкімі жерлердің тек жалға берілетінін айтты

Алматы облысында мыңдаған гектар жайылым жердің қытай компаниясына берілгені туралы хабар тұрғындардың қарсылығын тудырып жатырВидеодан скрин

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шетелдік компанияларға бизнеспен айналысуға қанша жер бөлінгені және қандай салаларға берілгені жөнінде сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір өңірде қытайлық және бірлескен капиталы бар шамамен 250 компания жұмыс істейді.

"Егер ауыл шаруашылығы жерлерін бөлуге келетін болсақ, оны тек бір ғана кәсіпорын алған. Компания жер учаскелерін алып, пайдаланып жатыр және шамамен 1,5 мың гектар аумақта ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Олар жұмысын кеңейтіп, мал азығын өсіруді жоспарлап отыр. Басқа кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлері берілмеген", - деді әкім.

Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы жерлерінен басқа жерлерді қанша шетелдік компания алғанын айта алмады, бірақ журналистерге жазбаша жауап беруге уәде етті.

"Қонаев қаласында туризмді дамыту үшін жер бөлінді, бірлескен компания тұрғын үйлер салып жатыр, бірақ олар жер учаскесінің иесі болмайды. Ал қалған жерлер, бәлкім, шағын жобаларға арналған, бірақ ауыл шаруашылығы жерлері берілмейді, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған", - деді ол.

Алматы облысы мыңдаған гектар жайылым жердің қытай компаниясына берілгені туралы хабар тұрғындардың қарсылығын тудырып жатыр. Ауыл тұрғындары жайылым тарылып қалатынын айтып, Тоқаевқа видеоүндеу жасады. Журналист осы мәселе қалай шешілмек, қазір облыста бұдан басқа қандай жобалар Қытаймен бірлесіп іске асырылып жатыр деп сұрады.

“Жалпы бізде бірнеше жоба бар. Жер игереміз деген швецариялық компания бар.Ол да сол мал азығына бағытталған. Бірлесіп жұмыс істеп жатқан қытай компаниялары бар. Бірлесіп немесе коопертив түрінде болса, жер жалға беріледі. Ауыл шаруашылы жерлері берілмейді. Кеген ауданындағы жағдай келсек, жер мемлекет меншігінде қалады. Жерге барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар лицензия негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алтын немесе басқа да бағалы металдар табылса, халықпен келісіп жұмыс жүргізетін болады. Жерді ешқандай қопармайды, қоршамайды, тек қана үш жерден қазу жүргізеді”, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Марат Сұлтанғазиев депутат Бақытжан Базарбектің Алматы облысында экс-әкімнің ұлы қала аумағындай жерге иелік етеді деген сөзіне жауап берген еді. 

Рая Мінәп
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 15:11
Талқылау