Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының тұрғыны "дінімізге қайшы" деп зиратты қиратып тастаған (видео)

Алматы облысы Саты ауылында вандалдар зиратты қиратып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Журналист Диас Нұрақынның мәліметінше, ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастаған. 

“Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген ауыл тұрғындары ашулы. Осындай әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түседі. Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Мұның бәрі TikTok имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті”, – деп жазды журналист. 



Сондай-ақ ол бейіттердегі сынған тастар түсірілген видеоны жариялады. Кадрларда жергілікті тұрғын мемориалдық тақталардың сынып, әр жерде шашылып жатқанын көрсетеді.

Алматы облысының полиция департаментінің хабарлауынша, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, одан әрі тергеу үшін аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған күдіктінің салафизм діни ағымына қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат алдын ала тергеу барысында расталмады. Алматы облыстық полиция департаменті тергеу амалдары аяқталғанша мерзімінен бұрын қорытынды шығаруға және тексерілмеген ақпаратты таратуға жол бермеуді сұрайды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында айналма каналдың суы Новоселовка ауылының маңындағы бейітті басып қалғаны туралы жазған едік. 

Талқылау