Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында туризм саласы жанданып келеді

27–28 желтоқсан күндері Алматы облысында туризм және медиа саласы мамандары қатысқан ақпараттық тур өтті. Пресс-тур барысында өңірдің туристік әлеуеті, қолданыстағы инфрақұрылым нысандары, логистикалық қолжетімділік пен қызмет көрсету мүмкіндіктері таныстырылды. Stan.kz тілшісі аталған бағыттарды аралап, Алматы облысында туризм саласының қалай дамып жатқанын өз көзімен көріп қайтты.

ASP Arena

Инфотур аясында алғашқы маршруттық нүктелердің бірі – ASP Arena көпфункционалды спорттық-оқиғалық кешен болды. Бұл нысан халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарды, бұқаралық іс-шараларды және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған.

ASP Club арт-директоры Натальяның сөзінше, Қонаев қаласында орналасқан спорттық кешен аумағында қонақүй, мейрамхана, картинг, такси қызметі, киберзона және демалыс алаңдары бар. Қазір мұнда Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдыны салынып жатыр.

“Жоба заманауи жабдықтармен және күрделі монтаж кезеңдерімен жүзеге асып жатыр. Бір сеанс барысында шамамен 40 мыңға дейін келушіні қабылдауға мүмкіндік бар. Кешенде 5 мың жұп коньки дайындалды. Биыл Қазақстан және ТМД елдерінен туристер келеді деп үміттенеміз”, – деді Наталья.

Нысан спорттық туризмді дамытуда Алматы облысының мүмкіндігі зор екенін көрсетеді. 

Көшпенділер қаласы

Келесі нысан – Көшпенділер қаласы этномәдени кешені. Ашық аспан астында орналасқан бұл локация көшпелі халықтардың дәстүрлі өмір салтын бейнелейді. Кешен кино және медиа жобаларды түсіру үшін жиі пайдаланылады. Бұл нысан мәдени туризм тұрғысынан жоғары сұранысқа ие. Әсіресе жаз айында келетін туристер ағымы өте көп. Мұны Алматы облысы туризм басқармасының өкілі Фариза Серікбайқызы айтты. 

“Облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа жол салынып, жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Туристерді көбірек тарту үшін алдағы уақытта кешен толық жөндеуден өтеді. Көшпенділер қаласы Іле өзенінің бойында орналасқан және болашақта толыққанды туристік кешенге айналады. Нысан жеке меншік иесінің қарауында, реконструкция да жеке кәсіпкердің қатысуымен жүзеге асады. Түсірілімдер арнайы рұқсат арқылы ғана жүргізіледі”, – дейді ол.

Шонжы ауылындағы ыстық бұлақтар

Пресс-турдың маңызды бөлігі Шонжы ауылының демалыс аймақтарына арналды. Бұл аумақта термалды және wellness-туризмге бағытталған туристік-сауықтыру нысандары шоғырланған.

Тур барысында AllSeasons, ECOpark, FourSeasons, Nammu resort секілді кешендердегі бассейндер, сауықтыру қызметтері мен баламалы демалыс форматтары таныстырылды.

Аталған нысандар Шонжы бағытын Алматы облысындағы сауықтыру туризмінің негізгі орталықтарының бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Мәселен, пресс-тур қатысушылары тоқтаған All Seasons демалыс кешені жыл сайын 30-35 мыңға дейін турист қабылдайды. Бір күнде шамамен 160 адамға дейін орналаса алады. Нөмірлердің бағасы 50 мың теңгеден басталады. Мұнда демалыс пен сауықтыруға арналған инфрақұрылым жолға қойылған.

Ал ECO Park демалыс аймағы бір күнде 200-ге дейін турист қабылдайды екен. Мұнда да қонақүй бағасы 50 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар 3 мейрамхана, spa аймақтары мен массаж қызметі бар дейді ECOpark орталығының басшысы.

Олардың мәліметінше, ақпан айынан бастап нысан мемлекет қарауына беріліп, халықаралық деңгейдегі туристік жоба ретінде қарастырылады. Бұл мүмкіндік елдің әрбіразаматына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және зейнеткерлерге арналады. Алдағы уақытта оларға емдік және демалыс қызметтері мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін ұсынылады.

Сондай-ақ FourSeasons қонақ үйі елдегі туристік бағытты дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл нысан шетелдік және қазақстандық туристерге заманауи қызмет көрсетеді. .

Келесі демалыс аймағы Nammu Resort. Қонақүйдің ашылғанына небәрі 3 ай болған.

Демалыс аймағының басшысы Темірғали Есеннің сөзінше, нысан заманауи технологиялармен, шетелдік стандарттарға сай етіп жасалған. 

“Қазір Nammu Resort-та жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді. Қонақүйде 12 түрлі жабық бассейн мен моншалар бар. Бір күнде 120-ға жуық адамды қабылдаймыз. Ашылған үш айдың ішінде демалыс аймағы 2 мыңнан астам қонақты қабылдады. Қазір индонезиялық туристер қонақүйде демалып жатыр. Сондай-ақ қырғызстандық және ресейлік туристер де жиі келеді”, – деді Темірғали Есен.

Логистика мәселесі: Шонжы автостанциясы

Сонымен қатар пресс-тур аясында Шонжы ауылының автостанциясын да араладық. Бұл нысан елдімекенді аудандық және облыстық орталықтармен байланыстыратын маңызды көлік инфрақұрылымы саналады.

Қатысушылар бағыттың логистикалық қолжетімділігі, көлік маршруттары және туристік ағынды арттыру мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Автостанция басшысы Сауытжан Ерболдың сөзінше, нысанға 2025 жылдың сәуірінен бастап дайындық жұмыстары жүргізілген.

“Инфрақұрылым толық дайын. Жолаушыларға арналған демалу, тамақтану, медициналық көмек көрсету және туристік қызмет көрсету орындары бар. 2026 жылдан бастап негізгі туристік бағыттар жұмыс істейді. Алматыдан Құлжаға, Алматыдан Дулатыға және Шонжы арқылы өтетін бағыттар бойынша туристік тасымалдау ұйымдастырылған. Қызмет сапасын арттыру үшін автобустар мен жеңіл көліктерді дайындадық”, – дейді Сауытжан Ербол. 

Пресс-тур нәтижесінде Алматы облысында туризм саласы бір бағытпен емес, бірнеше бағытта дамып келе жатқанын көрдік. Спорттық, этномәдени, сауықтыру және жол бойындағы туризм нысандары өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы кезеңде инфрақұрылым мен сервисті жетілдіру туристік ағынды ұлғайтуға негіз болады деп сенеміз. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 14:09