Алматы облысында төрт баланы өз үйінде азаптаған педофилге үкім шықты
2024 жылдың ақпан айында Алматы облысында үйге басып кіріп, балаларға шабуыл жасаған ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Өткен жылдың 16 ақпанында Алматы облысының Жамбыл ауданында белгісіз біреу үйге басып кіріп, төрт балаға шабуыл жасаған еді. Айтуларынша, ер адам оларды ұрып-соғып, байлап, тамақтарына пышақ тақаған.
Балалардың айғайын көршілері естіп, жүгіріп келген. Күдіктіні полицейлер ізін суытпай ұстап, балалар ауруханаға жеткізілді.
Ол кезде Алматы облысының прокуратурасы сотталушыға Қылмыстық кодекстің 126-бабы 2-бөлігінің 5 және 7-тармақтары ( Екi немесе одан да көп адамды бас бостандығынан заңсыз айыру), 149-баптың 2-бөлігі (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу), 120-бап 1-бөлігі (Зорлау) және 120-баптың 4-бөлігі (Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау) бойынша іс қозғады.
Алматы облысы Жамбыл ауданының прокуратурасының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу барысында кәмелетке толмаған қызға қатысты "Зорлау" бабы расталды.
"Кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі анықталды. Қорытындысы бойынша қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот үкімімен сотталушы И.Б.Н. 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді (сот актісі заңды күшіне енді)", – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабына (Жариялылық) сәйкес кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар туралы, процеске қатысушылардың өмірінің интимдік аспектілері туралы ақпаратты қорғау немесе жәбірленушілердің, куәлардың және олардың туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сотта істер жабық тәртіпте жүргізіледі.
"Сотталушыға қатысты сот отырысы жабық есік жағдайында өтті. Бұл қылмыстың егжей-тегжейлері жария етілмейді", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданында белгісіз ер адамның төрт баланы байлап, ұрып-соғып, азаптағаны туралы жазған едік. Кейіннен балаларға шабуыл жасады деген күдікті ер адам қамауға алынды.