Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында студентті диплом қорғауға жібермей, әскери комиссариатқа алып кеткен

Фото: gov.kz

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген-Батыр ауылының тұрғындары жастардың, оның ішінде студенттердің әскери комиссариатқа күштеп жеткізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғындардың айтуынша, жігіттердің біріне тіпті диплом қорғауға да рұқсат етпеген.

Зардап шеккендердің бірінің анасының айтуынша, 18 маусым күні таңғы сағат 9:00 шамасында оның ұлы дипломдық жұмысты қорғауға Прогресс колледжіне бара жатқан. Бірақ оны әскерилер оқу орнының кіре берісінде ұстаған.

"Олар оны колледжге де жібермеді. Жақын жерде жүрген 70 жастағы анамды иығымен итеріп жіберді. Ол қатты күйзеліске түсті! Баламды военкоматқа қылмыскердей апарып, дөрекі сөйлеп, қорқытқан. Дипломын қорғауға мүмкіндік бермей, бес сағатқа жуық ұстады", – деді әйел.



Оның айтуынша, жігіт денсаулығына байланысты әскери қызметтен ресми босатылған. Студенттің анасы мұндай оқиғалар бірінші рет болып жатқан жоқ дейді. 

"Не болып жатыр? Бізге соғыс қаупі төніп тұр ма? Неге балалар оқуын бітіріп, дипломын ала алмайды? Бұл үшін кім жауап береді? Бұл заңсыздықты тоқтатуды талап етеміз!", – деді ол.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұстауды Іле аудандық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері жүргізген. Жігіт Титова көшесі, 30а мекенжайында орналасқан әскери комиссариатқа жеткізілген. 

Аталған жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігінен мән-жайды сұрап білдік. Ведомствоның мәліметінше, жігіт әскери қызметке өзі сұранып барған. Алайда денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылған.

Алматы гарнизонының хабарлауынша, 17 маусымда Іле ауданындағы "Прогресс" колледжінде көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында түлектермен профилактикалық кездесу өткен. Оған қорғаныс істері жөніндегі бөлім, әкімдік пен полиция өкілдері қатысқан.

"Үш студент мерзімді әскери қызметке барғысы келетінін айтты. Олардың бірі бастапқыда медициналық тексеруден өтуден бас тартқан. Алайда заң нормалары түсіндірілген соң ерікті түрде келісім берді. Кейін ол медициналық тексеруден өтіп, денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылды. Сосын үйіне жіберілді. Оның және туыстарының тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында әскерилер студенттерді емтихан тапсырып жатқанда кіріп келіп, алып кеткені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 10:17
Талқылау
`