Алматы облысында оқушылардың еден жуушыны туған күнімен құттықтаған видеосы жұртты сүйсіндірді
Әлеуметтік желіде мектеп оқушылары еден жуушысын туған күнімен құттықтап, тосынсый жасаған видеосы қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
TikTok қолданбасының пайдаланушысы Гүлжан Хасанқызы желідегі парақшасында видеоны жариялады. Мұнда оқушылар үш қатарға жиналып, 60 жасқа толған еден жуушыға тосынсый жасап құттықтаған.
Видеодан кабинетке кірген әйел мұндай сыйлықты күтпегенін және сәл сасқаны байқалады. Білім алушылар құттықтаған сәтте туған күн иесі көңілі толқып, көз жасына ерік берген.
Видеоролик 900 мыңнан астам қаралым жинаған. Желіде оқырмандар 3 мыңнан аса пікір жазып, мұндай мейірімге толы бейнежазбаны көрмегенін айтқан.
"Бүгінгі таңымның күшті видеосы", "Керемет", "Адамды және оның еңбегін бағалау, саған еш пайдасы тимесе де, оны адам ретінде сыйлау – нағыз адамгершілік", "Қандай жақсы! Біздің мектепте бұлай құттықтамайды. Адам құрлы көрмейді", "Жарайсыз, сіз сияқты ұстаздарымыз көп болсын!", "Жастарға жақсы өнеге, құтты болсын!", "Туған күн иесі сондай әдемі жан, жүзі жылы. Сынып жетекші мен оқушылары нағыз адами құндылықты бойларына сіңірген екен, рақмет!" – деп жазды желі қолданушылары.
Оқу-ағарту министрлігі видеоның Алматы облысындағы мектептердің бірінде түсірілгенін мәлімдеді.
"Бұл Іле ауданы. Өтеген батыр ауылы. Бейне №24 мектеп-лицейінде түсірілген. Видеодағы мұғалімнің аты Гүлжан Хасанқызы Жылқыбаева. Ал техникалық қызметкер – Лайләгүл Далабайқызы Тұрсынбаева. Гүлжан Хасанқызы 20 жылдан астам педагог болып жұмыс істейді, Лайләгүл Далабайқызы 2021 жылдан бастап мектепте еңбек етеді", – деп нақтылады өңірлік білім басқармасында.
Ал бейнежазбадағы мейірімді балалар осы мектептің 4-сынып оқушылары екені айтылды.
@gulzhan_khasanovna ♬ TU TU HAI WAHI 2019 New - TSG MR⭐AL