Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көзі жасқа толы қалыңдық күйеу жігіттің құшағынан сытылып шыққан: Полиция мәлімдеме жасады

Фото: Gov.kz

Желіде қызды некеге тұруға мәжбүрлеу белгілері байқалатын видео пайда болды. Кадрларда бойжеткен үйленуге келіспейтінін ашық көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізді. Қызметкерлер оқиға орнына барып, жағдайға қатысушылармен сөйлесті.

“Тексеру барысында қыздың қатты қобалжығаны анықталды, некеге мәжбүрлеу фактісі болған жоқ. Күйеу жігіт пен қалыңдық – сыныптас, ұзақ уақыттан бері қарым-қатынаста”, – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.

Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап некеге мәжбүрлеу ресми түрде қылмыстық құқықбұзушылық деп танылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-1-бабында бекітілді. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершіліктің әртүрлі шаралары қарастырылған – айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін. Ауырлығы төмен жағдайларда жаза 2000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұлды, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарды, екі жылға дейін бостандығын шектеуді не айыруды қамтуы мүмкін. Ал ауырлататын мән-жайлар болғанда, мысалы күш қолдану, адамдар тобының қатысуы немесе кәмелетке толмағанды тарту кезінде – бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін, ал ауыр салдарлар туындаса – он жылға дейін жетуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін 20 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтты. Оның сөзінше, аталған іске байланысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен. 

Мемлекет басшысы алдын ала тергеу барысында күдіктінің қызды ұзақ уақыт бойы аңдып, оған қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын жеткізді. Соның салдарынан қайғылы жағдай адам өліміне әкелген.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 21:28