Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жекеменшік клиника көрсетілмеген стоматологиялық қызмет үшін 66 миллион теңге алған

Фото: bagita.com

Алматы облысында жеке стоматологиялық клиниканың директоры тегін медициналық көмек аясында көрсетілмеген қызметтерді жүйеге жалған енгізіп, мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтірген. Аталған дерек бойынша тергеу аяқталып, күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, жеке стоматологиялық клиникалардың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен 450 миллион теңгеден астам сомаға медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасаған. Келісім бойынша клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуі тиіс болған.

Алайда күдікті "Damumed" медициналық ақпараттық жүйесіне көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізген. Шын мәнінде бұл қызметтер пациенттерге көрсетілмеген.

Заңсыз әрекеттерін жасыру үшін ол дәрігерлердің есептік жазбаларын және бұрын клиникаға келген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған.

Осылайша, ортодонтиялық көмектің 4 597 жалған фактісі анықталған. Келтірілген жалпы шығын 66 миллион теңге болған. Сот шешімімен банктік шоттардағы 23 миллион теңге және құны 29 миллион теңге болатын стоматологиялық жабдықтар бұғатталды. Тергеу барысында күдікті 11 миллион теңге көлемінде шығынды өтеген. Қазір оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.



Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі жалған медициналық құжаттар мен зейнетақы жинақтарын заңсыз пайдалану деректеріне байланысты стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қаражатын пайдалануды тоқтатқан еді. Кейін жаңа өзгерістер енгізіліп, офтальмологиялық қызметтерге де біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі тоқтатылды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 10:29