Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында "Қазпошта" қызметкерлері 80 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған

Алматы облыстық прокуратурасы “Қазпошта” АҚ ұлттық операторы бюджет қаражатын ысырап ету деректері анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы облысының прокуратурасы осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс жүргізу Алматы облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді.



Тергеу барысында "Қазпошта" АҚ кассирлері түбіртектерді бұрмалау арқылы төленген мемлекеттік баж салығының бір бөлігін заңсыз иемденгені анықталды. Қылмыстық схема 2021 жылдан 2023 жылға дейін төлқұжаттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу кезінде жүргізілген. Келтірілген залал сомасы 80 миллион теңгеден астам.

Сот үкімімен 2 кассир Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша бөтен мүлiктi иемденіп алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға бас бостандығынан айыру, материалдық жауапты және басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салу түріндегі жаза тағайындалды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында балабақша бухгалтері қарызын жабу үшін 15 миллион теңге жымқырғаны туралы жазған едік. Ол осы әрекеті үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. 

Талқылау