Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында Шерзат Полаттың әкесін полицейлер ұстап алып кетті

Алматы облысы Талғарда көз жұмған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов БАҚ өкілдерімен кездесуді талап еткеннен кейін оны полиция ұстап алып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Редакцияға Алматы полиция департаменті осы жағдай бойынша түсініктеме берді. Олардың айтуынша, оны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұстап алып кеткен.

“Бүгін сағат 15:30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп пен айналадағылардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген оқиға болды. Азамат Нұрымов прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өте агрессивті әрекет етіп, айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсетіп, суицид жасаймын деп қорқытты. Сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның әрекеті өзін де, басқаларды да қауіпті жағдайға қалдырды. Туыстары мен адвокаттарының азамат Н-ның жағдайына алаңдап, оны тоқтату туралы өтінішінен кейін, оның өзіне немесе айналасындағыларға зиян келтірмеуі үшін полиция қызметкерлері оны ұстау шараларын қолданды. Азамат Нұрымов минималды күш қолдану арқылы ұсталып, қазір полиция бөлімшесіне жеткізілді. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр”, – деп жауап берді Алматы облысының полиция департаменті.

Полиция жағдайды тұрақтандыру жұмысын жалғастыруда және азаматтарды сабырлық сақтауға шақырады. Олар ресми дереккөздерге ғана сенуді және жалған ақпарат таратудың қылмыстық жауапқа әкелетінін ескертті.



Айта кетейік, бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.

Еске салайық, Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер  арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады. 

Талқылау