Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында екінші "Алтын адам" жерленген болуы мүмкін: Тоғызбұлақ-1 қорымынан сақ дәуіріне жататын алтын бұйымдар табылды

Қағаз бетіндегі алтын бұйымдарФото: видеодан скриншот

Алматы облысының Ұйғыр ауданында қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар Тоғызбұлақ-1 қорымынан сақ дәуіріне жататын алтын бұйымдар тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Алтын бұйымдар 1969 жылы Есік қаласының маңында табылған әйгілі "Алтын адамның" киіміндегі зергерлік бұйымдарға ұқсайды.

Бір ғана Қарадаланың осы аумағында барлығы 50-ге жуық сақ қорғаны бар. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғалымдары екі айдың ішінде оның алтауын зерттеген. Қорымнан табылған 30-ға жуық жәдігердің ішінде алтын сақиналар, әйелдердің алқасы мен сырғалары, түрлі тоғалар бар. Сондай-ақ тісқап пен қошқар мүйіз әшекейлер жақсы сақталған.

Мамандар бұл баға жетпес олжалар өлке тарихын зерттеуге зор үлес қосатынын айтады. 

"Мұнда "Алтын адам" да жерленген болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда қорғандардың көбі ерте заманда тоналған. Әйтсе де сол замандағы билік өкілдерінің обалары болып саналады. Элитарлық қорғандардың біріне жатады және бұл жерден алтын бұйымдар шықты. Олар тұспалдап айтқанда, біздің заманымыздан бұрынғы IV-III ғасырларға жатады", – дейді археологиялық экспедиция жетекшісі Досбол Байқонақов

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 10:01
Талқылау