Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бірнеше адам танымал блогерді аяусыз соққыға жыққан

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында бірнеше адам жергілікті блогерді аяусыз соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 5region.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 


Видеодан скрин

Оқиға ауылдағы дүкендердің бірінің маңында болған. Жәбірленуші блогер Айдын Сегізбаевтың айтуынша, бейтаныс әйел алдымен блогерден дүкен аумағынан кетуін талап етіп, кейін ғимараттың ішіне сүйреп кіргізген. Осыдан кейін дүкенге белгісіз үш ер адам кіріп, блогерді көшеге шығарып, ұра бастаған. Кейін оларға тағы бірнеше адам қосылыпты.

"Мені қасымыздан өтіп бара жатқан жүргізушілер құтқарып қалды, олар оқиғаға араласты. Содан кейін мені Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға жеткізді, мұрнымның сынғаны, аяғымның жарылғаны, миым шайқалғаны анықталды", – дейді блогер.



Полиция қызметкерлері орталық аурухана қызметкерлері шақырғаннан кейін ғана келген.

Оқиға блогер Айдын Сегізбаевтың Ұзынағаш әкімдігі ғимаратында түсірген тікелей эфирінен кейін болған. Блогер тікелей эфирде коммерциялық нысандардың заңсыз құрылысы, жоғары вольтты электр желілеріне бөлінген учаскелер сияқты түрлі заң бұзушылықтарды анықтау үшін комиссия ұйымдастыруды талап еткен. 

Айдын Сегізбаев Жамбыл ауданының мәселелерін жазып, жергілікті биліктің жұмысын сынап, қайырымдылық жобаларына белсенді қатысатын жазбаларымен танымал блогер.

Еске салсақ, бұған дейін танымал қазақстандық блогердің Түркіменстанда тұтқындалғаны туралы жазған едік.

Талқылау