Алматы облысында әйелді заңсыз күштеп жатқызған психиатриялық аурухана 2 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді
Психиатриялық аурухана заңсыз тіркеп, өз палатасында 34 күн бойы күштеп ұстаған Алматы облысының тұрғынына 2 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bureau.kz
Сәния есімді әйел қант диабетімен ауырады және ауруханада оған инсулин тегін берілуі керек еді. Бірақ ол әрдайым берілмейді екен. 2023 жылдың қаңтарында тағы осылай дәрі берілмей, наразылық болған. Сол кезде оны психикалық ауру ретінде тіркеп, психикалық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызған.
“Бұл ауруханадағы қызметкерлердің ешқайсысы оның психикалық жағдайын тексерген де, бағаламаған да. Оған тіпті заң бойынша науқастарды динамикалық бақылауға алатын дәрігерлік-консультациялық комиссия отырысы туралы да хабарланбады, тіркеу фактісі туралы да хабарламаған”, – деді "Қорғау HR" қоғамдық қорының заңгері Әлия Әбдинова.
Адвокаттың айтуынша, үйде жалғыз қалған 8 жасар бала Алматыдағы мамандандырылған мекемеге – өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығына орналастырылған. Сәния психиатриялық ауруханада 34 күн жатып босатылды.
Бірақ бірнеше ай бойы баласы үшін күресуге тура келді. Бала 2023 жылдың ақпанынан қарашасына дейін мекемеде болған.
“Олар ұлын анасына беруден бас тартты. Себебі қорғаншылық органдары әйелді қазір психиатрда есепте тұрғанын алға тартып, әрекет қабілеттілігінен айыру туралы өтініш берді”, – деді адвокат.
Сәния өзінің әрекет қабілеттілігін қорғау, баласын босату және психиатриялық тіркеуге шағым түсіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Ол бұл істердің барлығын жеңіп шықты. Содан кейін моральдық шығынды өтеу туралы талап қоюға шешім қабылдады.
“Ауруханадан кейін денсаулығыма зиян келді. Буындарым ауыра бастады. Оның үстіне олар баланы 10 айға алып кеткен. Ол жерден денесі сырылып, көгеріп оралды. Мекеме директоры баланың жүгіріп құлағанын айтты. Ұлым олар ұрғанын мойындамады, бірақ қорқып қалған Ол қатты күйзеліске ұшырады, түнімен ұйықтай алмады. Сондай-ақ мекемеден жаман сөздерді үйреніп келген", – деді Сәния.
Аудандық сот өтемақы сомасын 2 миллион теңгеден 200 мың теңгеге дейін қысқартты. Бірақ апелляциялық сот зардап шеккендер үшін толық соманы – 2 миллион теңгені өндіру туралы шешім шығарды.