Алматы облысында 3 жылдан бері аяқталмаған су құбырына тағы 1,7 млрд теңге қажет: Депутат тексеріс болатынын айтты

Фото: Видеодан скрин
Талғар қаласында су құбырының құрылысын толық аяқтау үшін қосымша 1 миллиард 700 миллион теңге қажет. Мердігерлер мұны бюджет қаражатының кезең-кезеңімен бөлінуімен және осы аралықта жабдықтардың бағасы айтарлықтай қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Су құбырының құрылысы 2022 жылы басталған. Бастапқы жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты суды сүзгіден өткізетін арнайы зертхана салу қажеттілігі туындаған.
Қазір мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыстардың шамамен 70%-ы орындалған. Ауылдарды орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу шілде айына жоспарланып отыр. Құрылыс барысымен танысу үшін нысанға барған мәжіліс депутаттарына бұл туралы аудандық әкімдік өкілдері хабарлаған.
Мәжілісмендер алдымен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеріп, содан кейін ғана қосымша қаржыландыру мәселесін көтеретіндерін атап өтті.
"Мұндай нысандар, әсіресе ауызсуға қатысты жобалар, әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы бар объектілер ретінде басымдыққа ие болуы тиіс. Президент бұл мәселені үнемі айтып келеді. Ауызсумен қамту мәселесі оның ерекше бақылауында. Сондықтан қаржы көздерін табу өте маңызды. Бүгін біз бұл мәселені облыс деңгейінде де, республикалық деңгейде де талқылап, нысанды мүмкіндігінше тезірек аяқтауға және оның құнын одан әрі қымбаттатпауға күш саламыз", – деді мәжіліс депутаты Максим Рожин.
Осы мәселеге қатысты редакция да осы уақытқа дейін бюджеткен су құбырының құрылысының қанша теңге бөлінгені жайлы Талғар әкімдігіне сауал жолдады.
- Бір түнде қытайлық жұмысшылар 8 мың тонна асфальт төсеген
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Келес ауданында 1970 жылы салынған, тозығы жеткен көпір опырылып құлады. Көпірмен бірге оған жапсарлас тартылған су құбыры да қирап, бірнеше ауыл ауызсусыз қалды. Тұрғындар көпірдің апатты жағдайда екенін екі жыл бұрын бірнеше рет ескерткенін айтады. Қазір оқушылардың бір бөлігі қашықтан оқуға көшкен, ал билік өкілдері төрт ай ішінде жаңа өткел салуға уәде беріп отыр.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар