Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 16 жастағы жасөспірімді зорлаған төрт жігітті сот ақтап жіберген: Жақындары істі қайта қарауды талап етті

Алматы облысында қызды топтасып зорлағандар сотта ақталып шықтыФото: Freepik.com

Алматы облысында сот 16 жастағы қызды топтасып зорлады деп айыпталған төрт жігітті ақтап шыққан. Үкім 29 қаңтарда шығарылып, барлық сотталушы бостандыққа жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Batyrjamal-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға 2024 жылғы 8 қазанда Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында болған. Аружан кешке жаттығудан қайтып келе жатқанда, қасына ішінде төрт жігіт отырған көлік тоқтаған. Жігіттердің ең үлкені 23 жаста, ең кішісі 8 жаста болыпты. Олардың бірі өзін сол кезде әскерде жүрген ағасының досы ретінде таныстырса, екіншісін қыз сырттай білетін – бір мектепте оқыған. Жігіттер “қараңғы болып кетті, үйіңе жеткізіп салайық” деп ұсыныс айтқан. Ештеңеден күдіктенбеген қыз көлікке отырады.

Алайда жолда олар басқа бағытқа бұрылып кеткен. Аружан алаңдай бастағанда, “алдымен досымызды тастап кетеміз, содан кейін сені апарамыз” деп жұбатқан. Бірақ оның орнына бос жерге апарып, зорлаған. Кейін бәрін видеоға түсіргендерін айтып, бүкіл отбасына көрсетеміз деп қоқан-лоқы жасаған. Қорыққанынан қыз үнсіз қалған.

Жәбірленушінің әпкесі Аружанның қайғылы оқиғаға дейін өте белсенді қыз болғанын айтты.

“Сурет салғанды, тамақ әзірлеуді жақсы көретін, музыкаға әуес, гитарада ойнайды, жануарларды жақсы көреді. ІІМ академиясына түсуді армандаған. Бірақ бәрі бір сәтте өзгерді”, – дейді ол.

Отбасы бұл жағдайды 17 қазанда ғана білген. Анасының айтуынша, қызының мінез-құлқы өзгергенін байқаса да, оны ҰБТ алдындағы күйзеліс деп ойлаған. Кейін сынып жетекшісі Аружанның ауырсынуды басатын дәріні тым көп ішетінін айтқан. Анасы бөлмеден “Кетановтың” бос қаптамаларын тауып, ішінің ауыратынына байланысты тексеріске апармақ болғанда, қыз шыдамай, шындықты айтып берген.

Туыстары бірден дүкенге барып, бейнебақылау камераларының жазбаларын сұратқан, бірақ видео небәрі бір тәулік сақталатындықтан, жазба қалмаған. 

“Полиция шақырып, арыз жаздық. Сот-медицина сарапшыларының тексерулері, тергеудегі жауап алулар мен беттестірулерден өту өте ауыр болды, бірақ әділдік үшін бәріне төздік”, – дейді Аружанның анасы. 

Сот процесі

Тергеу 2025 жылғы шілдеде аяқталып, сот қыркүйекте басталған.

“Процесті әдейі созып жіберді. Қазан бойы бірде-бір отырыс болмады, ал 2026 жылғы қаңтарда судья айдың соңына дейін уақыт созды. Осы аралықта қауесет тарап, қоғамда зорлау оқиғасының егжей-тегжейі талқылана бастады. Аружан мұндай психологиялық қысымға шыдай алмай, өсек пен істің созылуы салдарынан бірнеше рет суицид жасауға талпынды. Біз құқықтық алаңда күресіп жүргенде, қызымның моральдық жағдайы күйрей берді”, – дейді анасы.

Қыздың анасы мен тәтесінің сөзінше, іс материалдарында дәлел жеткілікті болған. Гинеколог, проктолог және психиатрдың қорытындылары жәбірленушінің сөзін растаған. Биологиялық сараптама да болған. Айыпталушылардың бірі бастапқыда видеода кінәсін мойындап, Аружанның айтқандарымен толық сәйкес жауап берген, бірақ кейін “мәжбүрледі” деп сөзінен тайған. Сотта “видео-жауап алу жоқ” делінгенімен, олардың айтуынша, ол іс материалдарында болған.

Сондай-ақ Аружанның анасы іс материалдарымен танысу кезінде айыпталушылардың бірінің телефонынан интимдік сипаттағы видео көрген көрінеді.

“Тергеу аяқталған кезде бізді істің материалдарымен танысуға шақырды. Хаттаманы оқып отырып, айыпталушылардың бірінің телефонынан белгілі бір көлемде видео табылғанын көрдім, соның бесеуі – интимдік сипаттағы, екінші айыпталушының қатысуымен түсірілгені нақты жазылып тұр екен. Сонда мен тергеушіден “Бұл қандай видео? Көрсетіңіз. Хаттамада бар. Егер мұнда видео бар деп жазылса, ол менің балам болуы да мүмкін ғой” деп сұрадым. Тергеуші “Жоқ, бұл сіздің қызыңыз емес, басқа қыз” деп жауап берді”, – деді ол.

Сондай-ақ уақытқа ұстау изоляторындағы куәгердің (айыпталушылардың бірінен мойындағанын естіген) жауабы сот тарапынан есепке алынбай, істен шығарылған және бағаланбаған. Сот-медициналық сараптамада жыртылу, қанталау, сырылу секілді жарақаттар сипатталғанымен, қорытынды бөлімінде “күш қолданылған жыныстық қатынасқа тән жарақаттар анықталған жоқ” деп көрсетілген.

“Сондықтан сараптама нәтижесіне сеніміміз жоқ, оны сатып алуы мүмкін деп күдіктенеміз. Өйткені айыпталушылардың туыстары ашық түрде “ешқандай жаза болмайды” деп айтып жүрді”, – дейді анасы.

Жәбірленушінің анасы бастапқыда істің жария болғанын қаламағанын жеткізді. 

“Бастапқыда мен бұл істің жария болғанын қаламадым, өйткені заңға сендім әрі қызымның болашағын ойладым. Алайда сотта айыпталушылардың туыстарының арсыз, өктем мінез-құлқымен бетпе-бет келдік. Олар үкім шыққаннан кейін-ақ ұлдарын үйге алып кететіндерін ашық мақтанып айтты. Бұл әділ соттың сыртында бәрі алдын ала “сатып алынғандай”, “келісілгендей” әсер қалдырды”, – дейді ол.

Қазір қыздың жақындары Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотына апелляциялық шағым түсірген.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 17:17