Алматы облысында 10 жастағы баланы қабаған иттерден құтқарып қалған азамат Тоқаевтың алғыс хатына ие болды
Фото: gov.kz
Алматы облысында 10 жасар баланы қабаған иттерден құтқарып, өлім аузынан алып қалған Серікбек Сақайбеков мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды. Марапатты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыс етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында азаматтық батылдық пен адал еңбек лайықты бағасын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан облыс әкімі Серікбек Алдабергенұлы Сақайбековке Алғыс хат табыстады...Облыс әкімі ерлік иесіне алғысын білдіріп, мұндай оқиғалар қоғамда бей-жай қарамаудың азаймағанын, шынайы жанашырлықтың бар екенін көрсететінін атап өтті", – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, Серікбек Сақайбеков маусым айының соңында Алмалыбақ ауылында екі қабаған ит талап жатқан 10 жастағы баланы ажалдан арашалап қалған еді. Оқиға 30 маусым күні футбол алаңында болған. Баланың даусын естіген Серікбек Сақайбеков ойланбастан көмекке ұмтылып, өз өміріне қауіп төнсе де, баланы ажалдан құтқарып қалған.
Айта кетейік, дер кезінде батылдық танытқан азаматты бұған дейін Қарасай ауданы әкімдігі де марапаттап, алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс еткен еді.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
