Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

​​​​​​​Алматы метросының екінші желісі 2031 жылы пайдалануға беріледі: Құрылысқа 1,2 триллион теңге жұмсалмақ

Фото: metroalmaty.kz

Алматыда “Жібек жолы” станциясынан әуежайға дейінгі аралықта метрополитеннің екінші желісін салудың қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Алдын ала мәліметке сәйкес, құрылысқа шамамен 1,2 триллион теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоба туралы “Метропроект” ЖШС-нің бас инженері Ақылбек Досымов мәлімдеді. Желінің жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Барлығы сегіз станция салу жоспарланған.

Станциялар арасындағы орташа қашықтық 1,5–1,8 шақырым болмақ. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың сәуір айында бастап, 2031 жылдың сәуір айында аяқтау көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, барлық сегіз станция 2031 жылдың сәуірінде бір мезгілде пайдалануға берілуі тиіс. Аталған метро желісі үшін 13 пойыз құрамын сатып алу жоспарланған, қарбалас уақытта пойыздардың жүру аралығы 4,5 минуттан аспайды, ал қалыпты уақытта 9 минутқа дейін болады.

Техникалық-экономикалық негіздеме қаланың барлық тиісті қызметтерімен келісілген. Құжатты мемлекеттік сараптамаға жолдау жоспарланып отыр.

Ақылбек Досымовтың айтуынша, бұл желі үш іске қосу кешеніне бөлінген.

Бірінші іске қосу кешені:

- №1 станция – әуежай ауданында;

- №2 станция – Нұршашқан шағынауданында;

- №3 станция – “Апорт” СОО-сына қарама-қарсы;

- №4 станция – “Шығыс” көлік-ауыстыру торабының аумағында.

Екінші іске қосу кешені екі станциядан тұрады:

- №5 станция – “Халық Арена” ауданында;

- №6 станция – Шығыс айналма жолы мен Орынбор көшесінің қиылысында.

Үшінші іске қосу кешені де екі станцияны қамтиды:

- №7 станция – Горький атындағы орталық саябақтың маңында орналасады;

- №8 станция – “Жібек жолы” станциясының жанындағы ауыспалы (трансферлік) станция болады.

Талқылауға қатысушылар жауаптылардан құрылыс барысында қанша ағаш кесілетінін сұрады.

“Анықтамаға сәйкес, аумақта 2541 ағаш және 134 бұта бар. Қызыл кітапқа енген ағаштар кесілмейді, олар қайта отырғызылады. Сондай-ақ станция аумағында кесілген ағаштар үшін өтемақы қарастырылады”, – деді Ақылбек Досымов.

Сондай-ақ Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан 110 жер учаскесі сүрілмек. Тағы бір қатысушы станцияларды салу кезінде автокөлік қозғалысы жабыла ма деген сұрақ қойды.

“Жоқ, жобалау барысында станцияларды негізгі автокөлік қозғалысы ағындарын жаппайтындай етіп орналастырдық. Сонымен қатар автожолдардың астынан жаяу жүргіншілер өткелдерін жол жабынын ашпай, жабық әдіспен салуды жоспарлап отырмыз. Яғни негізгі магистральдардағы басты қозғалыс ағындары жабылмайды”, – деді бас инженер.

Метро желілерін кеңейту көшедегі көлік жүктемесін азайтуға, жаңа аудандардың қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға, сондай-ақ қалаға түсетін экологиялық салмақты төмендету үшін қажет.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 20:17