Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңындағы саяжай тұрғындары 6 жыл бойы жарық пен сусыз отырғандарын айтып шағымданды

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысы Жаңаталап ауылына қарасты саяжай тұрғындары соңғы 6 жыл бойы жарық, су және газсыз өмір сүріп келеді. Ал жалғыз трансформаторлық станция электр мен судың тұрақты берілуін қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті тұрғын Елдар Өрікбаев әрдайым үйінде шам мен фонарик ұстайды. Соңғы алты жыл бойы бұл оның негізгі жарық көзі болып отыр. Ол электр қуаты бірнеше күн болмайтынын, сол сәттерде отбасы сумен де, газбен де қамтылмайтынын айтады. Ал коммуналдық қызметтер үшін олар тұрақты түрде төлеп келеді.

"Жаңаталаптың өзінде электр бар, ал бізде, нақты айтсақ, саяжай массивінде жиі жарықсыз қаламыз. Электриктер жөндеу үшін ақша сұрайды, бірақ әркімде оны бірден жинауға мүмкіндік жоқ. Сол себепті бірнеше күн жарықсыз отыруға мәжбүрміз", – деді Елдар Өрікбаев.

Негізгі мәселе оның ауласында тұрған трансформаторлық станцияда. Ол бірнеше жыл бойы 20 үйге электр беруге тырысады, бірақ кейде аз жүктемеге де төтеп бере алмайды.

"Бұл трансформатор менің жекеменшігімде орналасқан. Оны саяжай тұрғындарымен бірге өз қаражатымызбен салдық, 5 миллион теңгеден астам ақша жұмсалды. Әкімдік оны балансына алмайды, барлық жөндеу жұмысын өзіміз қаржыландырамыз", – деді Елдар Өрікбаев.

Тұрғындар жарық болмағанда сумен қамтамасыз ету де мүмкін болмайтынын айтады. Мұндағы үйлер орталық сумен қамтылмаған, тұрғындар ұңғымалардан су алады, ал насос электр қуатына тәуелді. 

"Адамдар бөтелкелерде немесе шелектермен су тасиды. Орталық желіде қысым жоқ, насос үнемі істен шығады. Киім жуу, ас үйдегі жұмыстардың бәрін істей алмайсың", – деді Еркін Шуршутов.

Тұрғындар бұл жағдай үшін билікті кінәлайды. Дегенмен әкімдік өкілі мұны жоққа шығарады. Оның айтуынша, аудан өткен жылы ғана ауданға қосылған.

"Көптеген көше мен саяжай жобаның тізіміне кірмегені рас. Сондықтан осы жылдың соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылдан бастап қажетті көшелер мен елді мекендерді қайтадан жобалауға қосамыз", – деді Алматы қаласы Алатау аудандық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Асхат Жексенбеков.

Жетісу облысы жаппай жарықсыз қалып, электр қуаты өшірілді

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы зауыттардың бірі электр қуатының жетіспеушілігінен миллиондаған теңге шығынға ұшырап отырғанын жаздық. Respublica партиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысы Индер ауданына жұмыс сапары аясында мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров гипсокартон өндіру зауытының басшылығымен кездесіп, өндіріс дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселені талқылаған. Зауыт директоры Жолдас Өмбетяровтың айтуынша, кәсіпорын апта бойы жарықсыз қалған кездері болған, бұл өндірістің тоқтауына және жабдықтың істен шығуына әкеп соқтырады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Қазан, 2025 12:35
Талқылау