"Талғардағыдай жағдай қайталанар еді": Алматы көшелерінде пышақ ұстаған үш ер адамның жүргіншілерді қорқытқан видеосы тарады
Әлеуметтік желіде Алматыда көшелерінде белгісіз үш жігіт мас күйде көлік айдап, пышақ ұстап жүргені туралы видео таралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокардан скринделген
Видео авторы ер адамдарға неліктен жүргіншілерді суық қару ұстап, қорқытып жүргенін сұрайды.
“Алматыда байдың балалары ішіп алып, қаланың қақ ортасында қолында "аңшылық" пышағын ұстап жүр. Мас күйде көлікті басқарған. Сәл болмағанда Талғардағы жағдай қайталайын деп қалды", – деп жазды видео авторы.
Видеодан сақал-мұрты бар белгісіз жігіттердің ер адамға жақындап, боқауыз сөз айтқанын естуге және қолдарында пышақ бар екенін көруге болады.
Редакция полициядан осы жағдайға қатысты ресми ақпарат сұрады.
“Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Құқық бұзушылар ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған шаралар кешені қарастырылып жатыр. Оларға қатысты міндетті түрде ҚР-ның заңнамасына сәйкес шаралар қолданылады”, – деп жауап берді Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдікті қамауға алынғанын хабарлады.