Алматы колледжінде қызметкерімен жанжалдасқан директорға сөгіс берілді

Алматыдағы телекоммуникациялар және машина жасау колледжінде директор мен іс жүргізуші арасында болған жанжалдан кейін оқу орнының басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы білім басқармасы Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжінде болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 3 наурызда колледж директоры мен іс жүргізуші арасында еңбек тәртібіне қатысты әңгіме болған.
Әңгіме барысында директор қызметкерге өзінің лауазымдық міндеттерін жүйелі түрде орындамауы және корпоративтік әдеп нормаларын бұзуы жөнінде ескерту жасаған.
"Қызметкер бұл ескертуге жауап ретінде бағыныштылық талаптарын өрескел бұзып, дөрекі әрі жоғары дауыспен сөйлеген. Ал колледж директоры эмоцияға беріліп, ұстамсыздық танытқан. Аталған жағдай бойынша Алматы қаласы білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді. Тексеруден кейін педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылғаны анықталды", – делінген басқарма хабарламасында.
Соның қорытындысы бойынша 2026 жылғы 4 наурызда колледж директорына қатаң сөгіс жарияланды. Білім басқармасы барлық ведомстволық мекемелерде моральдық-этикалық ахуалды сақтау мәселесі тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
- Қыздарға ұлдардың бөлмесі мен дәретхананы тазалатқан: Түркістанда оқу орнына сөгіс берілді
- "Өмірбаянын жаттатып, тест тапсыртады": Желіде танымал Juz40 білім беру орталығының басшысы сынның астында қалды
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдық округ әкімінің тұрғындармен кездесу кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны түсірілген видео тараған еді. Кадрларда әкім видеоны түсіріп тұрған адаммен сөзге келіп, үстелді жұдырықпен ұрып, ашуға булығып бірнеше рет балағат сөз айтқаны байқалды. Осы жағдай қоғамда қызу талқыланып, оқиғаға байланысты тексеріс жүргізілген еді.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген