Алматы-Қызылорда бағытындағы ұшақ техникалық ескертуге байланысты әуежайға кері қайтты
Фото: Airbus S.A.S.
Алматы-Қызылорда бағытындағы әуе кемесі ұшып шыққан соң көп ұзамай әуежайға қайта оралды. Air Astana әуе компаниясы ұшақтың қайта оралуына не себеп болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
13 қаңтар күні KC985 рейсінде болған жәйтті жолаушылардың бірі хабарлады. Оның сөзінше, ұшақтың кері оралуына қозғалтқыштағы діріл себеп болуы мүмкін.
Air Astana әуе компаниясының мәліметінше, Алматыдан Қызылордаға ұшқан KC985 рейсінде ұшып шыққан соң ғана ескерту белгісі қосылған.
“13 қаңтарда Алматы-Қызылорда бағыты бойынша KC985 рейсін орындаған Airbus A320 ұшағында ұшып шыққаннан кейін ықтимал техникалық ақауды білдіретін индикатор іске қосылды. Қызылорда әуежайында техникалық мамандар болмаған соң, экипаж әуе кемесін ұшып шыққан әуежайға қайтару туралы шешім қабылдады”, – делінген хабарламада.
Әуе компания мамандарының тексерісінен соң, ұшақ қайта пайдалануға беріліпті.
Қазақстандық әуекомпания жаңа ұшақтар сатып алу үшін жарты триллион теңгеден астам қаражат жұмсамақ
“Инженерлік-техникалық қызмет өндіруші нұсқаулықтарына сай қажет тексерулерді жүргізді. Ешқандай ақау анықталған жоқ. Әуе кемесі қайта пайдалануға жіберілді”, – делінген жауапта.
Әуе компаниясының мәліметінше, Алматыда ауа райы қолайсыз болды. Ал Airbus NEO ұшағына мұндай жағдайда ұшуға шектеу қойылған. Сол себепті бұл ұшақпен рейсті жалғастыру мүмкін болмай, басқа әуе кемесіне ауыстыруға тура келген.
“Алматыда ауа райы мен Airbus NEO ұшақтарын пайдалануға қойылған шеутеулерге байланысты әуе кемесін FlyArystan ұшағына ауыстыруға тура келді. Осы себепті рейс кешікті”, – делінген хабарламада.
Әуе компания мәліметінше, жолаушылар 12 сағаттан кейін ұшып шыққан.
“Ұшақ жолаушыларымен бірге сағат 02:34-те әуеге көтерілді. Жалпы кешігу уақыты 12 сағат 24 минут. Күту барысында жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. 36 жолаушы өз өтініші бойынша қонақүйге орналастырылды. Әуе компаниясы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте аспанда екі ұшақ соқтығыса жаздағаны туралы жазған едік.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты