Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адам 11 жыл бас бостандығынан айырылды
Фото: Видеодан скриншот
Алматыда сот Машрабек Баратовқа үкім шығарды. Ол қаланың әуежайында адамды кепілге алды деген айыппен сотқа тартылған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баратов кепілге алу, қару қолданумен жасалған бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабар беру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл бас бостандығынан айырылды.
7 наурыз күні таңертең ішкі рейстер терминалында ол құжаттарын көрсетуден бас тартып, әуежай қызметкерін шашынан тартып, пышақпен қорқытқан. Жеті минутта оны полицияның желілік бөлімі мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері залалсыздандырды. Кейін желіде Мұса Әбдірайым есімді азаматтың шабуылдаушыны қарусыздандырған сәті түсірілген видео тарады. Ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Сот барысында белгілі болғандай, 2024 жылдың желтоқсанында Баратов қоғамдық көлікте әйелге шабуыл жасағаны үшін бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Кепілге алу ісі бойынша сот процесі 7 сәуірде басталды. Тергеу нұсқасы бойынша, Баратов тек қызметкерді шашынан тартып қана қоймай, сөмкесінде бомба барын айтып, әуежайды жарып жіберетінін де мәлімдеген. Алайда сотта ол ешкімге зиян келтіруді көздемегенін айтып, өзімен бірге болған пышақты шұжық турау үшін алғанын алға тартты.
Шабуылдаушыны қарусыздандырған азамат өзіне жәбірленуші мәртебесін беруден бас тартты.
Алматы әуежайында қызметкердің кепілге алынуы: Сотталушы кінәсін мойындады
Қазақстандық ер адам әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығамын деп 2 жылға сотталды
Еске салайық, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
