Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімінің экс-орынбасары Ержан Бабақұмаровты ұрып өлтіріп кетті

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

1990 жылдардан бері елде әртүрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған Ержан Бабақұмаров Астанада қайтыс болды. Полиция мәліметінше, бұрынғы шенеунік соққыға жығылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде Ержан Бабақұмаровты әлдекімдер ұрып-соғып, өлтіріп кетті деген ақпарат тарады. Қайғылы жағдай 30 қазанға қараған түні болған. Бабақұмаров таныстарымен бірге кеш өткізген. Жиналғандардың арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан алған дене жарақаттарынан Бабақұмаров көз жұмған.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Олар Бабақұмаровтың алған соққыдан қаза болғанын растады. 

“Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеулер бұрын таныс адамдар арасындағы ауызша даудың физикалық төбелеске ұласқанын көрсетеді. 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Журналист Михаил Козачков келтірген деректерге сәйкес, күдіктінің есімі – Ербол Каукетай, 36 жаста және ШҚО тумасы. 

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы.

1996 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, жауапты хатшы және мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметтерін атқарды. Ол Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі - Президент Әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 30 Қазан, 2025 10:50
Талқылау