Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полимерге ешқандай шағым жоқ": Досаев жөндеуіне 2 миллиард теңге бөлінген Абай даңғылындағы асфальт жабындыларына қатысты пікір білдірді

Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде тұрғындар 10 жылға есептеліп салынған асфальтбетонның неліктен уақытынан бұрын бұзылғанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Тұрғындардың сөзінше, жолда ойықтар мен жарықтар пайда болған. 

Ерболат Досаев әр жөндеудің белгілі бір кепілдік мерзімі бар екенін, оған сәйкес мердігер ақауларды жоятынын мәлімдеді. 

“Бізде заң бойынша жұмысқа кепілдік бар. Абай даңғылына қатысты мәселе көтерілді. Полимерге ешқандай шағымым жоқ. Олар қалыпты жұмыс істейді. Жол қабаттарының астында не бар екені тексеріліп, қосымша зерттеулер жүргізілді. Енді мердігер өз қаражаты есебінен автобус пен троллейбустар жүретін белгілі бір аумақтарда жұмыс жүргізетін болады. Сондықтан, осы тәжірибені ескере отырып, келесі жолы ауыр қоғамдық көлік өтетін жерлердегі жолдардың қоспаларын зерттеп, ескі қабаттарын алып тастаймыз", – деді Досаев.

Әкімнің сөзінше, мердігер компания "Сапаинжиниринг" ЖШС Алматы қаласының қалалық мобилділік басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп Абай даңғылының бойындағы асфальт жабындысын аралап, тексеріс жүргізді.

“Қорытындыға сәйкес, а/б жабынындағы жарықтар орташа жөндеу аясында біз салған қабаттардың астында орналасқаны анықталды. Барлық өзектерде беріктігі төмен ескі асфальтбетон қабаты бар. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, автобус жолдарындағы ойықтардың себебі ескі асфальтбетонның негізгі қабаты саналады. Мұндай механикалық ақаулар кепілдікке кірмейді”, – деді әкім. 

Алайда мердігер компания беделін сақтау үшін Абай даңғылындағы ақаулы жерлерді жөндеу туралы шешім қабылдапты. Бұл аумақтарға асфальт-бетон жабынының қосымша үшінші қабаты төселеді дейді. 

Еске сала кетсек, Абай даңғылындағы жөндеу жұмыстарына "Гордорстрой №2 мамандандырылған басқармасы" ЖШС жауапты болды. Жөндеу құны 1,8 млрд теңге болды.

Талқылау