Алматы әкімдігі жаңа төселген асфальт неліктен қайта қопарылғанын түсіндірді
Желіде жол жұмысшыларының жаңа төселген асфальтты қайта қопарып, орнына жаңасын төсеп жатқаны көрсетілген видео тарап жатыр. Жағдайға байланысты Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімдігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/100baksoff
Видео авторы бұл әрекеттің себебін және бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын сұрайды. Аудан әкімдігі Садыков көшесіндегі жақында төселген асфальттың неге қопарылғанын түсіндірді.
"Ауданның мердігер ұйымы Садыков көшесіндегі ақаулы жол жамылғысын алып тастау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңадан төселген ыстық асфальттың үстінен ауыр жүк көлігі өтіп кеткеннен кейін жол жабындысы бүлінген. Осыған байланысты қазір жол төсемі кепілдік міндеттемелер аясында ауыстырылып жатыр", – деді Бостандық ауданы әкімдігі.
Видео авторының айтуынша, өткен жылы Асқаров көшесінде төселген асфальт та қайта қопарылған.
Айта кетейік, өткен жылы Алматыда жаңбыр кезінде асфальт төселіп жатқаны туралы видео қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Ол кезде қала әкімдігі жұмысшылардың жаңбыр кезінде асфальт қатпай қалмас үшін қалған бөліктерді тегістеу жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеген еді.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жаңадан төселген асфальт бөлініп, үгітіле бастағанын жазған едік. Желіде жаңадан төселген асфальттың бұзылған бөлігі түсірілген видео тарады. Кадрлардан ескі жол қабатының алынбағанын байқауға болады. Оқиға А-15 республикалық тас жолының "Жыззақ-Гагарин-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Қапланбек-Жібек жолы" учаскесінде болған.