Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3,5 жылда салынады": Алматы әкімдігі метро құрылысын қаржыландыратын несие берушіні әлі таңдамағанын мәлімдеді

Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада екі жаңа метро желісінің құрылысын қаржыландыратын несие берушіні әлі таңдамағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: metroalmaty.kz

Әкімнің айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Қытайдың Exim банкі сынды халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олардың арасынан шарты бойынша ең жақсылары таңдалады.



"Ең алдымен заңға өзгерістер енгізу қажет. Мәжіліс бюджет заңнамасына мұндай жобаларға республикалық бюджет есебінен қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін түзетулерді қолдады. Өзгерістер қазір сенаттың қарауында. Олар мақұлданғаннан кейін әлеуетті несие берушілермен ресми келіссөздер жалғасады”, – дейді әкім.

Сондай-ақ ол мемлекет басшысының қолдауымен және үкіметпен бірлесіп, метрополитенді дамыту үшін екі бағыт бойынша несие алу мүмкіндігін пысықтап жатқанын жеткізді. 

“Бірінші, шамамен 5,3 шақырым болатын Қалқаман станциясынан Барлық станциясына дейінгі құрылысты аяқтау. Екінші,  Жібек жолы станциясынан әуежайға дейінгі 14 шақырым жерді. Барлығы 19,5 шақырымдай болып шықты. "Қалқаман-Барлық" және "Жібек жолы әуежайға дейін" жаңа метро желілерін 3-3,5 жылда салу жоспарланып отыр. Құрылысқа 1 миллиард доллар қажет екен", – деді әкім. 

Әкім соңғы шешім қабылданған соң нақты ақпарат жарияланатынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы метросына әуежайға дейін тағы сегіз станция қосылатынын айтылған еді. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 2025 жылдың қыркүйегіне дейін байқау жарияланған.

Талқылау