Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі 700 милллион теңгеге жаңа автокөліктер сатып алып, кейін оларды өзіне өзі жалға берген

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының шаруашылық басқармасы жүздеген миллион теңгеге жаңа автокөліктер сатып алып, кейін сол көліктерді әкімдіктің өзіне жалға берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Factcheck.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

2025 жылдың 9 желтоқсанында Алматы әкімдігі аппаратына қарасты “Алматы шаруашылық басқармасы” ЖШС мемлекеттік сатып алу порталында 33 жеңіл автокөлік сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Бұл сатып алу үшін 699 170 000 теңге қаржы бөлу жоспарланған. Өтінімдерді қабылдау 12 желтоқсаннан 22 желтоқсанға дейін жалғасып, осы уақыт ішінде тек “Hyundai Trans Kazakhstan” ЖШС-нен бір өтінім түскен. Нәтижесінде “Hyundai Trans Kazakhstan” ашық конкурстың жеңімпазы болған. 

Айта кетерлігі, тендер үш лотқа бөлінген: бірінші лотта тек жеті автокөлік сатып алынып, оның жалпы құны 279 230 000 теңге болған (бір көлік – 39 890 000 теңгеден), екінші лотта 17 автокөлікке 292 230 000 теңге (бір көлік – 17 190 000 теңгеден), үшінші лотта тоғыз автокөлікке 127 710 000 теңге (бір көлік – 14 190 000 теңгеден) бөлінген.

Сонымен қатар әр лотқа жеке техникалық сипаттама қосылған. Қосымша құжаттарға сүйенсек, бірінші лот бойынша жеңіл автокөліктер емес, жеті ірі толық жетекті кроссоверлерді сатып алу көзделген, олардың әрқайсысының құны шамамен 40 миллион теңге.

Ал екінші лот бойынша 17 бизнес-класс седан сатып алу көзделген. Автокөліктер шамамен бес метр ұзындықта, автоматты беріліс қорабымен және 2,5 литрлік қозғалтқышпен болуы тиіс. Ыңғайлылық ретінде былғары салоны, мультимедиялық экран, жүргізушіге көмек жүйесі және орындықтарды жылыту сияқты мүмкіндіктер көрсетілген.

Үшінші лот көліктердің бағасы бойынша ең қарапайым лот, мұнда бизнес-класс емес, стандартты седандар сатып алу көзделген. Дегенмен, олар да мультимедиялық экран, артқы көрініс камералары, климат бақылау жүйесі және тағы басқа жабдықтармен жабдықталған болуы тиіс.

Электрондық келісімшарт актілерінен Алматы шаруашылық басқармасы шамамен 700 миллион теңгеге қандай автокөліктер сатып алғанын анық көруге болады.

Сонымен, 279 230 000 теңгеге қала әкімдігіне қарасты мекеме 2026 жылы шығарылған жеті Hyundai Palisade LX3 Calligraphy кроссоверін сатып алған. Ресми дилер деректері бойынша бұл Hyundai брендінің ең премиум кроссоверлерінің бірі. Жеті орындық кроссовер ресми түрде 39 890 000 теңге тұрады, қала әкімдігі дедәл осы баға сатып алған.

Сондай-ақ 292 230 000 теңгеге Алматы шаруашылық басқармасы 17 Hyundai Sonata (Elegance) автокөлігін алған. Дилердің ресми сайтында дәл осындай автокөліктің бағасы 17 190 000 теңге, яғни бұл да әкімдік алған бағаға сәйкес келеді.

Ең арзан нұсқа – 127 710 000 теңгеге 2025 жылғы Hyundai Elantra Modern автокөліктері алынған. Айта кететін жайт, дилердің сайтында олар көрсетілмеген, бірақ әкімдікке нарықтық бағада сатылған болуы мүмкін. Барлық автокөліктер “қара маржан” түсінде болуы тиіс. Қазір көліктердің барлығы сатып алушыға жеткізілген.

Қызығы сол, мемлекеттік сатып алу порталы бойынша Алматы шаруашылық басқармасы автокөліктерді тұрақты түрде өз басшылығына, Алматы қаласы әкімдігінің аппаратына жалға береді екен.

Мысалы, осы жылдың 29 қаңтарында екі мекеме арасында 128 932 758 теңге сомасына тек екі айға қызметтік автокөліктерді тасымалдау қызметін сатып алу туралы келісімшарт жасалған. Келісімшарт мерзімі 1 қаңтардан ақпан айының соңына дейін деп белгіленген.

Келісімшарт құжаттарына сәйкес, Алматы әкімдігінде құрылыс техникасын есептемегенде барлығы 79 қызметтік автокөлік қолданыста жүр. Олардың арасында жеңіл көліктер, жол талғамайтын көліктер, микроавтобустар, резервтік автокөліктер және электромобильдер бар. Айта кететін жайт, тізімде бірінші болып "2022 жылдан кейін шығарылған, қозғалтқыш көлемі кемінде 3,4 литрлік жол талмағамайтын көлік" көрсетілген. Мұндай автокөлік тек біреу ғана, және оның әкімнің өзі қолданылуы мүмкін.

Кейінірек, 17 ақпан күні әкімдік аппараты мен Алматы шаруашылық басқармасы қызметтік автокөліктерді пайдалану қызметтерін сатып алу бойынша жаңа келісімшартқа қол қойған, оның құны 843 808 620 теңге. Жалға алу мерзімі 10 айға ұзартылған.

Осылайша, биыл ғана билік қала әкімдігіне қызметтік автокөліктерді жалға алуға шамамен бір миллиард теңге жұмсаған. Атап айтқанда, автокөліктер өз қарамағындағы кәсіпорнынан алынған, ал бұған дейін дәл осы көліктер бюджет қаражатынан сатып алынған. Басқаша айтқанда, алдымен автокөліктерді сатып алуға бюджеттен ақша жұмсалып, кейін тағы да бюджет қаржысы сол көліктерді жалға алуға төленген.

Әкімдік жауабы 

Әкімдік мемлекеттік сатып алу порталында автокөліктерді жалға алу қызметі бойынша конкурс жариялағанын растады. Конкурс нәтижесінде "Алматы қаласының шаруашылық басқармасы" ЖШС жеңімпаз ретінде танылып, келісімшарт жасалған. Компания мемлекеттік сатып алуларға жалпы негізде қатысқан.

Әкімдік мәліметінше, “Алматы қаласының шаруашылық басқармасы” ЖШС былтыр өз қаражаты есебінен 33 автокөлік сатып алған.

ЖШС мен әкімдік арасындағы келісімшарт автокөліктерді сатып алу үшін емес, әкімдік аппараты мен қаладағы жеке басқармаларға қызметтік автокөліктерді кешенді қызмет ретінде ұсыну үшін жасалған. Кешенді қызметтің ішіне: жүргізушілердің жұмысы (соның ішінде қосымша жүргізушілер), техникалық қызметкерлер, жанармай шығындары, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, демалыс және мереке күндерінде көлікті қамтамасыз ету, қосымша автокөліктер және жеткізушінің ұйымдастырушылық шығындары кіреді.

2026 жылы қызмет көрсетілетін автокөліктер саны 15-тен 59 көлікке дейін өскен, тиісінше бұл шығындардың алдыңғы жылдармен салыстырғанда ұлғаюына себеп болған.

"Осылайша, мәселе автокөліктерді сатып алуға емес, қызмет көрсету түріне қатысты, ол қала әкімдігінің үздіксіз жұмысын өзінің кең автокөлік инфрақұрылымын құрмай-ақ қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген әкімдік хабарламасында. 
Дана Русланқызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 23:21