Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл шықпаса, мұрыннан қан шықпайды": Алмат Сақатов жігітті ұрған әріптесі Мұқасан Шахзадаевқа қатысты ойын айтты

Алмат Сақатов өнердегі досы Мұқасан Шахзадаев туралыФото: Видеодан сркиншот

Әйгілі “Бауыржан-шоу” театрының әртісі болған, актер Алмат Сақатов Qazaq AIRAN-ға берген сұхбатында “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жыққан әріптесі Мұқасан Шахзадаевтың қылығына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын алға тартты. Оның сөзінше, ешкім себепсізден-себепсіз біреуді ұрмайды. 

“Біріншіден, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Тіл шықпаса, мұрыннан қан шықпайды. Мен Нұрланмен бірге ән айтып жүрген әнші жігітті танимын, жақсы жігіт, өте мәдениетті әрі биязы жігіт. Бірақ әй жоқ, жай жоқ төбелес болуы мүмкін емес. Екіншіден, мен ол жерде болған жоқпын, сондықтан кімнің ұрғанын білмеймін. Әншінің өзі де “Мұқасан мені ұрды” деп айтқан жоқ, олар екі-үш адам болған. Ол жігітті ешкім таңертеңнен кешке дейін тепкілеген жоқ қой, жақсы 4-5 соққы болған, сонымен біткен. Жігіттің төбелестен алыстау екені де көрініп тұр”, – деді ол.

Актер бұл жанжалдың шығуына ән себеп болды деп санамайды.

“Бірақ “менің әндерімді айтып жүр, сол үшін ұрдым” деген дүниені естігенде “не болған, мүмкін емес” деп ойладым. Мен Мұқасанға жеке хабарласқан жоқпын, өйткені ол менің досым әрі әріптесім. Екеуміз ең қиын кезеңдерде қанжығалас болып жұмыс істедік. Сондықтан мен оның “Иә, ұрдым” деген әңгімесін естігім келмеді. Досым сол қалпында қалсын деп ойладым. Тентек болса, болған шығар. Шешіледі деп ойладым”, – деді ол.

Ол сондай-ақ бір кезінде Иманғали Тасмағамбетовпен тойдан кейін быт-шыт болып төбелескен өнер иесін білетінін айтты. Бүгінде олар жақын достарға айналған көрінеді.

“Бүгінде өсекшілер мен жала жабушылар көбейіп кетті. Қазір рахат, қалтамда ақша болмай 2-3 миллион теңге керек болса, саған тиісемін, сен мені келіп ұрасың да, ертесіне сол ақшаны маған әкеліп бересің. Осындай заман болды ғой, әйтпесе еркек пен еркек төбелескеннен кейін мұрның сынады, қабырғаң сынады, өліп қалған жоқсың ғой”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алмат Сақатов студент кездегі ерекше образын көрсеткені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 14:18