Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алма, алмұрт, банан, балық": Қазақстанда бірнеше өнімнің бағасы реттеліп, әлеуметтік тауарлар қатарына енгізу қарастырылуда

Фото: pixabay.com

Қазақстанда үкімет алма, алмұрт, банан, балық секілді өнімдердің бағасын бақылауға алатын болды. Енді халық көп тұтынатын жеміс-жидектер мен ет, сүт өнімдеріне қосылған үстемақы 15 пайыздан асып кетсе, кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мәселен, инфляциялық талдау қорытындысына сәйкес, баға өсіміне балық, алмұрт, алма, лимон, банан, шай мен ірімшік секілді 30 тауардың қымбаттауы ықпал еткені нақтыланған. Бірақ, олар әлеуметтік өнімдер қатарына кірмейді. 

“Біз қазір бірінші кезекте осы тізімге сиыр етінің тұтас, барлық бөлігін қосуды, оның ішінде тұтас еті бар, мякоть дейміз ғой, басқа да бөліктері әлеуметтік маңызды тауарлардың ішіне кіруі қажет деген бастаманы қарастырып жатырмыз. Одан бөлек, көп тұтынатын жылқының еті де сұранысқа ие. Бұл тауар түрі де әлеуметтік маңызы бар тізімге енетін әлеуметті өнім деп айтуға болатын шығар”, – деді сауда және интеграция министрлігінің ресми өкіл Тойгүл Жұбанова. 

Сарапшы Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, дегенмен бағаны реттеу керек екен деп кәсіпті шектеу зиянын тигізуі мүмкін.  

“Кәсіпорындарға да тиімді қыла аламыз. Егер де мемлекет әлеуметтік осал топтарға бағытталған тауар түрлерін өндіретін кәсіпорындарға қандай да бір қолдаудың тізімін қалыптастырса. Яғни, бұл салада инвестициялық тартымды салаға айналуы керек. Ол мемлекеттік бақылауды қажет ететін, шығынды сұрайтын сала емес”, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Министрлік өкілдері тізімді жаңартуға кемі 1 ай уақыт кететінін айтты. Әрі қызанақ, қияр, ірімшік, тартылған ет секілді кейбір тауар түрлері енбей қалуы да ықтимал. Себебі, халық көп тұтынғанымен, қажетті көлемі болмауы мүмкін. Ал, кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын өнім бағасына үстемені 15 пайыздан асырмауы шарт. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 09:00
Талқылау