Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алимент мөлшері қазақстандықтардың қаржылық жағдайына қарай азаймақ

Алимент мөлшері азаймақ

Фото: Ru.freepik.com

Жоғарғы cот алимент өндіріп алуға қатысты нормативтік қаулысына өзгеріс енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Енді сот алимент мөлшерін азайту туралы талапты қарау кезінде алимент төлеушінің қаржылық жағдайының нашар екенін міндетті түрде ескеруге тиіс. Бұл шешімге бір азаматтың Жоғарғы сотқа жүгінуі себеп болған.

Сот заңнама нормаларының арасында қарама-қайшылық барын анықтады. Бұған дейін сот алиментті азайтуға тыйым салатын нормативтік қаулыға сүйеніп келген. Алайда “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексте алимент мөлшерін азайту мүмкіндігі бар. Нәтижесінде Жоғарғы сот қаулыдағы даулы тармақты алып тастады, ал үкіметке алимент өндіріп алу тетігін жетілдіруді ұсынды.

“Нормативтік қаулыда борышкердің материалдық және отбасылық жағдайының нашарлауы алимент мөлшерін азайтуға негіз бола алмайды деп көрсетілген. Алайда “Неке және отбасы туралы” кодексте материалдық жағдайының төмендеуі – алимент мөлшерін азайтуға негіз болады деп нақты көрсетілген”, – дейді Жоғарғы сот аппаратының талдау және конституциялық өндіріс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Амир Умаров.

Айым Болатқызы
Жұма, 11 Шілде, 2025 08:20
Талқылау