"Қызға араша түсті": Алматы облысында мектеп бітіру кешінде мерт болған 11-сынып оқушысының жақындары жағдай туралы айтып берді
Видеодан скрин
Алматы облысында мектеп оқушысының өліміне қатысты жауапкершілікке ұстаздар тартылмауы мүмкін, себебі қайғылы оқиға білім беру мекемесінің сыртында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
17 жастағы жасөспірім сыныптасының жүрегіне шампур сұғып алған. Оқушылар жалдамалы коттеджде мектеп бітіргендерін тойлаған. Кейбір жасөспірімдер спирттік ішімдік ішіп, бір кезде жанжалдасып қалған. Болжам бойынша, марқұм жігіт қызға араша түсемін деп өзі жарақат алған. Күдікті қамауға алынды.
17 жастағы Әліби бір күн бұрын жерленді. Жасөспірімнің әжесі оның әскери адам болуды жоспарлағанын айтып берді.
“Қызым хабарласып, "Әліби мәйітханада жатыр" деді. Ол балалардың саяжайға кеткенін айтты. Онда мұғалімдер де, ата-аналар да болған жоқ. Анасы Әлібиге түнгі 23.00-де телефон соқты. Сонда немерем тамағы ауырып, бөлмеде жатқанын айтты. Сыныптастарының бірінің шампур тығып алғанын айтты. Оның жүрегінің аймағында тесік бар дейді. Күдіктінің ата-анасы келіп, бізден кешірім сұрады”, – деді Айдаркүл Қыдырова.
Қайғылы оқиға Долан ауылында болды. Марқұмның туыстары түлектер саяжай ауласында кәуәп жасап, ішімдік ішіп отырғанын айтты. Кенет жігіттер арасында жанжал басталды. Дәрігерлер келгенше бала мерт болды.
Полиция коттеджді жауып тастады. Үйді 11-сынып түлектері жалға алған. Оның кімге тиесілі екені белгісіз. Марқұм жігітті туған-туыстары мен көршілері мейірімді, мақсаты бар адам деп сипаттайды.
Әліби сол кезде мас болмаған. Ол қызды қорғап, ашулы сыныптасын тыныштандыруға тырысыпты.
“Әліби өте жақсы бала еді. Мен оны өз ұлымдай жақсы көрдім. Жігіт байсалды және мейірімді еді. Әрқашан сәлемдесіп тұратын. Бұл – ата-ана үшін орны толмас қаза”, – деді көршісі Толқын Әлімбаева.
Мектеп директоры бұл қайғылы оқиғаға мұғалімдердің еш қатысы жоқ деп отыр. Мұның бәрі оқу орнынан тыс жерде болған. Оның үстіне соңғы қоңыраудан кейін мұғалімдер 11-сынып оқушыларын үйлеріне жіберді. Ата-аналар тіпті балаларының мектеп бітіруін тойламайтыны туралы қолхат жазып берген.
“Соңғы қоңырау соғылып, ата-аналарына ертіп, балаларды үйлеріне жібердік. Бірақ кейін он бірінші сынып оқушылары өздері жиналып қалған екен. Бұл кештен сынып жетекшісі де, мектеп басшылығы да хабардар емес. Үйді кім жалға алғанын білмейміз. Осы оқиғаның алдында біз ата-аналар жиналысын өткіздік. Аналар мен әкелер бізге балалардың үйде болатыны туралы қолхат берді”, – деді Қырғауылды ауылы орта мектебінің директоры Перизат Әбдібаева.
Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер жасөспірім кінәлі деп танылса, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Полицейлер жәбірленушінің сыныптасы – күдіктіні анықтап, ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын объективті түрде тергеуге бағытталған барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полиция күдіктінің ата-анасы бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады”, – деп мәлімдеді Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Алматы облысында мектеп оқушысын құрдасы өлтірді деген күдікке ілінді. Облыстық полицияның мәліметінше, бала 11-сынып оқыған. Қаскелеңде түлектер мектеп бітіруін атап өтпек болып, кеш ұйымдастырған. Кеш үшін ата-аналары оларға коттедж жалдап берген.

Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф
