Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық ана 6 жасар қызына 9-сынып оқушысы азғындық жасамақ болғанын айтып, әділдік сұрады

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының Отырар ауданында 6 жасар қызға қатысты жантүршігерлік оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Ата-анасының айтуынша, жоғары сынып оқушысы тарапынан жасалған зорлық әрекетінің белгісі болғанымен, күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысының Отырар ауданында 6 жасар қызға қатысты жан түршігерлік оқиға бойынша ата-анасы бір айдан бері әділдік іздеп жүр. Олардың айтуынша, ауылдағы жоғары сынып оқушысы бүлдіршінге тиіспек болып, зорлық әрекетіне баруға әрекет жасаған. Оқиғадан кейін қатты шошып қалған қыздың психологиялық жағдайы нашарлаған. Жәбірленуші тараптың сөзінше, оқиға бір ай бұрын ауыл маңындағы жыңғыл арасында болған. Сабақтан кешіккен қыз үйіне жылап, үсті-басы алба-жұлба күйде келген. Ол өзіне жоғары сынып оқушысы тиіскенін айтып, көмек сұраған.

Анасының айтуынша, олар бірден Түркістан қаласына барып, қызды дәрігерге көрсеткен. 

"Оқиғадан кейін қызымды Түркістан қаласына алып барып, гинекологқа тексерттік. Дәрігер зорлық әрекетіне талпыныс болғанын, алайда қыздық пердесіне зақым келмегенін айтты. Біз осыған да шүкір дедік. Кейін бұл қорытындыны ресми түрде жазып беруді сұрағанымызда, мамандар сараптама жұмысына араласа алмайтындарын жеткізді. Сол жерде "102" нөміріне хабарласып, қылмыстық іс қозғаттық", – деді жәбірленушінің анасы.

Алайда содан бері іс алға жылжымағанын айтқан ана мектеп әкімшілігінің де қысым көрсеткенін жеткізді. Оның сөзінше, екі аптадан соң мектеп тарапынан қызды сабаққа жіберу талап етілген. Қауіпсіздікке алаңдаған ата-ана бірінші сынып оқушысын мектепке жіберуден бас тартқан. Жәбірленуші тарап тергеу барысына да наразы. Олардың айтуынша, сараптама уақытында тағайындалмаған, ал күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған.

Ал Түркістан облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, сот-медициналық сараптама нәтижесінде қыздың денесіне зақым келмегені анықталған. 

"Бастапқы тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы іс-әрекеттер анықталмады. Соған қарамастан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданатын болады", – делінген полицияның жауабында.



Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 18 жастағы студент жұмыс іздеймін деп зорлықтың құрбаны болғанын жазған едік. Жәбірленуші бұл жағдайдың былтыр жазда болғанын айтты. Оған әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыру келіп, оған жауап беріп, кейіннен “боди-массаж” қызметін көрсететін ғимаратқа барған. Бірақ кейін ол сол жерден шыға алмай қалған. Олар қызды күштеп ұстаған. Есіктің қасында күзетшілер тұрған. Ал қызметкерлер оған тек тұрғындарға массаж жасайтынын айтып, уәде еткен.

Айым Атамбаева
Жұма, 27 Наурыз, 2026 09:57