"Әлі де сене алмаймын": “Miss Qazaqstan – 2022” байқауының жеңімпаздары әсерлерімен бөлісті
Алматыдағы Республика сарайында “Miss Qazaqstan” байқауының финалдық сайысы өтті. 23 қатысушының ішінде 5 ару арнайы номинациялармен марапатталды. Осы орайда жеңіске жеткен арулар әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қызыл кілемнен бастау алған тартысты сұлулық байқауына сән әлемінің түрлі дизайнерлері, өнер жұлдыздары мен көптеген сала майталмандары келді.
Жоба ұйымдастырушылары 10 күн бойы арнайы лагерде қыздардың дайындығы қызу болғанын жасырмады. Дегенмен, Қазақстанның бет-бейнесі болатын аруды соған лайықты құрмет те күтіп тұрды.
“Тәж 60-қа жуық асыл тастармен көмкеріліп, сапалы металдан жасалған. Оның құны 7 миллион теңге. Байқау жеңімпазы осы 7 миллиондық тәж бен 5 миллион теңгелік сертификаттан бөлек түрлі қосымша сыйлықтар ұтады”,- деді "Miss Qazaqstan" байқауының директоры Катрин Безверхова.
Қазылар алқасы аруларға ауқымды жобаның кастингінен өтіп, үлкен сахнаға шығудың өзі жеңіс екенін айтып, қолдау көрсетті.
“Мені арулардың сұлулығынан бөлек осындай жайнаған жастық шағында үлкен жетістіктерге жетіп жүргендері таңдандырды. 18-20 жастағы қыздардың бірінің бизнесі бар, бірі депутат болса, енді бірі қайырымдылықпен белсенді айналысып, қоғамдық жұмыстарға араласқан. Сондықтан бұл байқауды тек сұлулыққа қарайды деген сынмен келіспеймін. Бұл тек әдеміліктің емес, талантты да талапты бойжеткендердің байқауы”,- деді қазылар құрамындағы Динара Сатжан.
Осылайша астаналық ару Томирис Какимова “Miss Qazaqstan – 2022” атағын иеленді. Томирис мұндай жеңісті күтпегенін айтады.
“Қазіргі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен финалға дейін өтіп, ары қарай кезеңдерден сүрінбейтініме сендім. Алайда шынымен “Miss Qazaqstan” атанамын деп ойламаппын. Түсім секілді әлі де сене алар емеспін”,- деді қазақ аруы.
Томирис дайындықтың оңай болмағанын жасырмады.
“10 күн арнайы лагерде таңғы сағат сегізден кешкі сегіз-тоғызға дейін жаттықтық. Мен үшін байқауда ең қиыны дайындық болды. Дегенмен сайыс барысында соның арқасында өзімізді еркін сезіндім”,- деп қосты ол.
Томиристің анасы қызын қолдауға Астанадан арнай келген. Байқау жеңімпазы енді алда әлі де көптеген жетістіктерге жетуді мақсат ететінін тілге тиек етті.
“Ендігі мақсатым бойжеткендерге үлгі болып, жеке тұлғалық дамуымды ары қарай жалғастыру. Алда әлі жасалуы керек жұмыстар көп”,- деп қосты Томирис.
Байқау қорытындысы бойынша: “Ғалам аруы” атағын алматылық Диана Ташімбетова, “Жер аруы” Дильназ Тилаева, “Көрермен көзайымы” Алтыния Ғазизова, “Вице-мисс” Томирис Зайр иеленді.
“Дайындық барысында бір-бірімізбен талас, бәсеке деген болмады. Бір үйдің баласындай достасып кеттік. Сыйластығымыз әлі алда жалғасын табады деп ойлаймын”,- деді “Ғалам аруы” Диана Ташимбетова.
Байқауда Ninety Onе тобы, Еңлік, Дастан Оразбеков, Луина секілді қазақстандық эстрада жұлдыздары мен кештің басты қонағы Loboda жоғары деңгейде шоу көрсетті. Украиналық әнші заманауи әніне қазақтың ұлттық нақышында киінген бишілермен үйлесімді би биледі.
Ол сайыстың өте тартысты өткенін айтып, ұйымдастыру деңгейіне таңданысын жасырмады.
“Мен мұнда келгеннен соң кеткім келмей қалды. Әсіресе ұйымдастыру деңгейі өте керемет. Арулар бір-бірінен өткен әдемі. Тағы бір байқағаным Қазақстанда ерекше сұлу қыз-келіншектер көп екен. Олардың бет ажарлары жарқырап тұратындай”,- деді Loboda.
Байқауда тәжге ие болған арулар әлемдік сайыста Қазақстан атынан өнер көрсететін болады.
Еске салсақ, 18 қарашада "Қазақстан аруы-2022" байқауының жеңімпазы анықталған болатын.