Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алғашқы жағдай": Қазақстандық әйел 16 жылдан кейін ғана психоневрологиялық орталықтан шықты

Павлодар облысында 34 жастағы әйел 16 жыл психоневрологиялық орталықта болғаннан кейін ақыл-есі дұрыс деп танылып, орталықтан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: meme-arsenal.com

Бұл науқасты Мичурин психоневрологиялық орталығының басқа тұрғындарының арасынан Павлодар прокурорлары тексеру кезінде анықтаған. Мәліметтерге сенсек, павлодарлық әйел 18 жасқа дейін ақыл-есі кем балаларға арналған интернатта тәрбиеленген.

"1990 жылы туған қыз 2008 жылы сот шешімімен Мичурин психоневрологиялық орталығына орналастырылған. 16 жыл бойы осы мекеменің қамқорлығында болып, сонда тұрған. Биыл тексеріс барысында біз психиатрларды тартып, орталықтағы қамқорлыққа алынған адамдарды анкетадан өткізіп, олармен сөйлестік. Сол кезде бұл қыздың ақыл-есі дұрыс, өзіне және әрекеттеріне жауап бере алатынын анықтадық", – дейді Павлодар ауданының прокуроры Ермек Ахметов.

Қадағалау органдарының талап-арызы бойынша сот психиатриялық сараптама тағайындады.

"Сараптама қыздың ақыл-есінің дұрыс екенін растады, сот оны әрекетке қабілетті деп таныды. Сот шешімі күшіне енді", – деді Ахметов.

Прокуратураның мәліметінше, сарапшылар павлодарлық қызда жеңіл деңгейдегі ақыл-ой кемістігін анықтаған. Ал психоневрологиялық орталықта оған бұдан ауыр диагноз қойылған еді.

Прокурорлардың сөзінше, бұл – психохроникалық орталықтағы пациенттің мемлекеттік мекеме қамқорлығынан шығуының алғашқы жағдайы. Павлодарлық қыздың мекеме мамандарының көмегіне қашаннан бері мұқтаж болмағаны белгісіз.

"Орталық қызметкерлері қамқорлықтағы адамның денсаулығында оң өзгерістер байқалғанын елемеген. Оның жағдайы жақсарған. Қамқорлықтағы адам сотқа барып, өзінің әрекетке қабілетті екенін және қамқорлыққа мұқтаж емес екенін айта алмайды. Бұл әрекетті қамқоршы, яғни бұл жағдайда мемлекеттік мекеме істеуі керек еді. Бірақ олар мұны жасамады. Қазір қыздың қамқорлығы алып тасталды. Әрекетке қабілетті адамды психоневрологиялық орталықта ұстағаны үшін 6 адам – орталық директорының орынбасары, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылып, ескерту және сөгіс алды", – деді Павлодар ауданының прокуроры Ермек Ахметов.

Аймақтың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы прокуратураның қорытындыларымен келіспейді. Ресми мәлімдемеде прокурорлар павлодарлық қыздың конституциялық құқықтарын қалпына келтіргенін хабарлады. Ал басқарма өкілдері өз тараптарынан құқықтарды бұзбағанын айтады.



"Бұл жерде қате түсіндіру бар. Біз қазір бұған қарсы шығамыз. Себебі орталықтың өзі әрекетке қабілетсіздікке шешім шығармайды. Оны сот анықтайды", – деді Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Құзырлы орган өкілдері әйелдің үшінші топтағы мүгедек екенін айтады. Шығарылғаны туралы жаңалықты ол қуанышпен қабылдады. Қазір әйел алыстағы туыстарында тұрып жатыр. Облыс прокуратурасының мәліметінше, Мичурин психоневрологиялық орталығында 540 адам бар. Прокурорлық тексеріс әлі жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында күйеуі әйелін күштеп жындыханаға жатқызғанын жаздық.  Жәбірленуші әйелдің айтуынша, отбасындағы жанжалдан кейін күйеуі екі досымен бірге оны байлап, Шымкенттегі облыстық психикалық денсаулық орталығына апарған. Күйеуі осы орталықтың қызметкерлерімен алдын ала келісіп, әйелді ақыл-есі кем деген диагнозбен орталыққа орналастырыпты. Әйел емханада үш күн жатқан. Сондай-ақ әйел осы мекемеде болған кезде орталық қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне куә болғанын да айтты.

Талқылау