"Алғашқы табысын маған әкеліп берді": Ұлықпан Жолдасов әріптесі Ғаділбек Жанай туралы айтты
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Ұлықпан Жолдасов өнердегі әріптестерінің алғаш сахнаға шыққан күндерін еске алып, естеліктерімен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Дастархан” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірнеше хит әннің авторы, сазгер Ұлықпан Жолдасовтың өнерде жүргеніне 40 жыл толды. Талай жас өнерпаздың жолын ашып, үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал еткен композитор өткенге көз жүгіртіп, естеліктерін айтты.
“Өнердегі қыз-жігіттің қазақ эстрадасына қосылуына мұрындық болғаным рас. Олар әлі күнге дейін менің атымды айтып жүреді. Ғаділбекті көріп отырып, қызық оқиға есіме түсіп отыр. Алғаш сахнаға шыққан кезі, халық жылы қабылдап, тойларға шығып жүрген еді. Бір күні бір қалта ақша әкеліп тұр. Ішінде 30 мың теңге бар. “Алғашқы табысымды сізге берейін”, – дейді. “Өзің ала бер, ертең-ақ таусылып қалады” дедім. Айтқанымдай, ештеңеге жетпей қалды. Екі кесе шай ғана іштік”, – деп өткен күнді күліп еске алды.
Әңгімеге Ғаділбектің өзі қосылды.
“Өнер жолындағы алғашқы табысымды Лұқаңа әкеліп бергенім есімде. “Ертең-ақ таусылып қалады” дегені рас болып шықты. Ол кезде мен үшін 30 мың теңге көп еді. Әлемді аралауға жетеді деп ойлап жүрген кезім. Сол күні Лұқпан аға екеуіміз шай ішіп отырып, жаңа ән жаздық. Асқар Дүйсенбіге түнгі үште хабарласып, әуенге сөз жазып беруін өтіндік. Лұқпан аға ойша клипін де түсіріп қойған”, – деді әнші.
Сонымен қатар өнер жұлдыздары сазгердің мәрттігін де жарыса айтты.
“2000 жылдары Қызылорда өңірінде жүрсек, көшеде бір апа қол жайып, ақша сұрап отыр екен. Лұқаң сол кезде әмиянынан 5000 теңгені шығарып, апаға ұстатты. Ол кезде өте көп ақша болатын. Мейрамханаларға кірсе, даяшыларға артығымен тастап кететін. Бұл кісінің сүйікті жұмысы – бильярд ойнау. Өнердегі жігіттерді жинап, соңында өзі есеп айырысатын. Біреуімізге де төлетпейтін”, – деді Тоқтар Серік.
Айта кетейік, сазгер халыққа есеп беру концертін қараша айының ортасына жоспарлап отыр екен.