Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Әлеуметтік желі арқылы сатқан”: Алматыда жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

Қылмыстық топ
Видеодан скрин

Алматы қаласында жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, бұл қылмыстық тізбек соңғы бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып келген. Қаскөйлердің негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді сатып алуға ниетті адамдарға заңсыз жолмен беруді ұйымдастыру болған. 

Жедел іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті әшкереленді. Ақша беру кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Сәби мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылды.

“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде осыған ұқсас эпизодтардың болуы мүмкіндігі тексерілуде. Бұл – бір реттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жалғасуда. Балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер – бұл ерекше қатыгез және ауыр қылмыс. Мұндай әрбір дерек заң аясында әділ бағасын алады”, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Куатбек Науатов.

Еске салсақ, Тараздағы қалалық көпсалалы ауруханада екі медицина қызметкері жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан деген күдікке ілінген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 18:22
Талқылау