Әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына кірген: Тоқаев алматылық мұғалімді құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп мұғалімі Татьяна Белоусованы құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованы Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енуіне орай құттықтады.
“Бұл жоғары баға – сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматыдағы №95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025-2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік 50 педагогінің қатарына енді.
Татьяна Белоусова – педагог-шебер, “Қазақстанның үздік ұстазы – 2024” құрметті атағының иегері. Оның кандидатурасы сауалнама мен қосымша материалдарды тапсырудан бастап, сараптамалық бағалау және финалдық іріктеуге дейінгі көпсатылы кезеңнен өтті.
Әлемнің ең үздік 50 мұғалімінің ресми тізімі 2025 жылы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize ресми сайтында жарияланды. Финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылы 1-5 ақпан аралығында Дубайда халықаралық білім беру форумы аясында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін ел өкілдері, биылғы іріктеуді қосқанда, үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енген.