Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең ауыр ер адам қайтыс болды

Әлемдегі ең ауыр ер адам қайтыс болдыФото: dailymail.co.uk

Мексикада 41 жасында әлемдегі ең ауыр салмақты ер адам атанған Хуан Педро Франко өмірден өтті. Оның салмағы шамамен 600 келіге дейін жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Франко 24 желтоқсанда Мексиканың орталық бөлігіндегі Агуаскальентес штатындағы ауруханада көз жұмды. Оның емдеуші дәрігері Хосе Антонио Кастанеданың айтуынша, науқастың жағдайы инфекция аясында пайда болған жүйелі асқынулар салдарынан күрт нашарлаған.

Хуан Педро Франко 2017 жылы Гиннестің рекордтар кітабына тірі ең ауыр адам ретінде еніп, әлемге кеңінен танылды. Ол кезде оның салмағы шамамен 600 келіге жеткендіктен, дерлік толықтай төсекке таңылған күйде болған.

Кейін ол қарқынды ем қабылдап, оның ішінде жерортатеңіздік диета мен екі бариатриялық операциядан өтті. Соның нәтижесінде салмағын шамамен екі есеге азайтып, қайтадан жүріп-тұруға мүмкіндік алды. Алайда ұзаққа созылған ауру оның иммундық жүйесін айтарлықтай әлсіреткен.

Бұған дейін Лондонның 26 жастағы тұрғыны Джордж Феррейра бір жыл тоғыз айдың ішінде 114 келі салмақ тастағанын айтқан еді. Оның сөзінше, ол 17 жасынан бастап салмақ қоса бастаған. Сол кезде тамақ таңдауда еркіндік сезініп, жиі үйден тыс жерде зиянды тағамдармен тамақтанған. Кейін жағымсыз эмоцияларын тамақпен “басып”, өзін-өзі басқарудан айырылғанын мойындады.

“Мен өзімді бейнебір қабірге апарар қысқа жолды өз қолыммен салып жатқандай сезіндім”, – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әлемдегі ең ауыр әйел қайтыс болғаны хабарланған еді. 

Балнұр Жұмаділла
Жексенбі, 04 Қаңтар, 2026 23:03