Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең ішкіш елдер: Рейтингте Қазақстан ТМД бойынша көш бастағандар қатарында

Фото: pixabay.com

World population Review алкогольді көп тұтынатын елдердің рейтингін жасады. Қазақстан бұл рейтингте әлем бойынша 68-орында. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елімізде 15 жастан асқан азаматтар арасындағы тұтынудың орташа көрсеткіші жан басына шаққанда жылына 6,38 литр. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда әйелдер жылына орта есеппен 2,76 литр, ал ерлер 10,3 литр алкоголь ішеді.

Рейтингте ТМД елдерінің арасында Ресей көш бастап, алкогольді тұтыну деңгейі бойынша әлемде бірінші орынға ие болды. Одан бөлек, рейтингте көшбастағандар қатарына: Греция, Лесото, Мадагаскар және Джибути кірді. Алкогольді тұтынудың ең аз мөлшері Люксембург, Судан және Йеменде тіркелді.

ТМД бойынша, алкогольді көп ішетін елдер рейтингінде Қазақстанды Ресей мен Белоруссия ғана басып озды. ТМД-ның қалған елдерінде көрсеткіштер төмен:

  • Молдовада — 4,79 литр,
  • Арменияда — 4,28 литр,
  • Әзірбайжанда — 2,49 литр,
  • Өзбекстанда — 2,1 литр,
  • Түрікменстанда — 1,26 литр,
  • Қырғызстанда — 0,72 литр.

2024 жылы қазақстандықтар алкогольдік ішімдіктерге жан басына шаққанда орта есеппен 7,4 мың теңге жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,6% артық.



Алкогольге Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары көп шығындалған – жылына 16,2 мың теңге. Өңірдегі шығындар 7,3% өскен. Одан кейін Алматы (15,3 мың теңге), сондай-ақ Қарағанды (13,9 мың теңге), Солтүстік Қазақстан (13,7 мың теңге) және Павлодар (12,9 мың теңге) облыстары тұр.

Алкогольді ішімдіктерге ең аз шығын Қызылорда (жан басына шаққанда 1,3 мың теңге), Түркістан (1,5 мың теңге) және Маңғыстау (1,6 мың теңге) облыстарында тіркелді.

Бағаларға келсек, биыл сәуір айында Қазақстанда алкогольдік ішімдіктер бір айда 1,2% және жылдық мәнде 10% қымбаттады. Оның ішінде бір айда арақ бағасы 0,9%, сыра 1,2%, шарап 1,5% өскен. Бір жыл ішінде арақ 5,5%, шарап 10,9%, сыра 13,9% қымбаттады. Жылдық динамикада алкогольдік ішімдіктердің қымбаттауы елдің барлық 20 аймағында тіркелді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 11:29
Талқылау