Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлемде қарулы қақтығыстар көбейіп кетті": Тоқаев Токио қаласындағы университетте дәріс оқыды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде дәріс оқыды. Ол өз сөзінде әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президен дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.

“Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион доллар болған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті”, – деді Тоқаев.

Президент жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайтынын жеткізді. Сондай-ақ Тоқаев адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты. 

“Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік”, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, президент 30 жылдан аса уақыт өтсе де елдің осы ұстанымнан айнымағанын айтты. 

“Жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуы тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады. Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді”, – деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барып, Токио әуежайында Жапонияның сыртқы істер министрі қарсы алғанын жазған едік. Сапар барысында мемлекет басшысы император Нарухито мен премьер-министр Санаэ Такаичимен кездесіп, "Орталық Азия – Жапония" саммитіне қатыспақ.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 14:28
^ "https://stan.kz/download/uploads/2025/12/full_17661363689ee48ae896453b641bb73e1b25e17e75_webp.webp"
^ null