2025 жылы әлемде қандай жаңалықтар болды?

Коллаж: Stan.kz
2025 жыл әлем үшін дағдарыстардың тоғысқан кезеңі болды. Украинадағы соғыс жалғасып, Таяу Шығыстағы қақтығыстар гуманитарлық ахуалды ушықтырды. Ірі державалар арасындағы бәсекелестік күшейіп, халықаралық институттардың ықпалы әлсірей түсті. Климаттық апаттардың жиілеуі жаһандық қауіпсіздікке жаңа қатер ретінде алға шықты. Осы үрдістер 2025 жылды әлемдік тәртіптің қайта қаралып жатқан, тұрақсыздық пен белгісіздік басым болған жыл болғанын көрсетеді. Stan.kz тілшісі 2025 жылы әлемде болған маңызды оқиғаларды топтастырды.
Дональд Трамптың билікке қайта келуі: Әлемдік саясаттағы жаңа белгісіздік кезеңі
Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне қайта келуі 2025 жылғы әлемдік саясаттағы ең маңызды әрі даулы оқиғалардың бірі болды. Бұл оқиға тек АҚШ-тың ішкі саяси өміріне ғана емес, сонымен қатар халықаралық қатынастар жүйесіне де тікелей әсер етті. Трамптың билікке оралуы соңғы жылдары қалыптасқан сыртқы саяси бағыттардың қайта қаралуы мүмкін екенін көрсетті.
Сайлау нәтижелері америкалық қоғамдағы терең поляризацияны айқын аңғартты. Трамптың жеңісі жаһандану, миграция, қауіпсіздік және экономикалық протекционизм мәселелерінде қатқыл ұстанымды қолдайтын электораттың әлі де ықпалды күш екенін дәлелдеді. Бұл жағдай АҚШ-тағы демократиялық институттарға деген сенім мен саяси тұрақтылық мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Фото: AP
Халықаралық деңгейде Трамптың билікке келуі ең алдымен АҚШ-тың одақтастарымен қарым-қатынасына қатысты белгісіздік тудырды. НАТО, Еуроодақ және Азиядағы серіктестер Вашингтонның қауіпсіздік міндеттемелері сақтала ма деген сауалға жауап іздей бастады. Украинаға әскери және қаржылық қолдау мәселесі де жаңа әкімшілік тұсында қайта қаралуы ықтимал бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.
Сонымен қатар, Трамптың сыртқы саясаттағы прагматикалық әрі мәмілегерлік стилі Ресеймен қарым-қатынаста диалог мүмкіндігін арттыруы мүмкін деген пікірлерді күшейтті. Бұл фактор Украинадағы соғысқа қатысты дипломатиялық сценарийлерге жаңа динамика қосты. Алайда мұндай қадамдар халықаралық құқық пен санкциялық режимдердің болашағына қатысты алаңдаушылықты да қатар тудырды.
Қытаймен қарым-қатынас мәселесінде Трамп әкімшілігінің қатаң экономикалық және сауда саясатының қайта жандануы күтілді. Бұл әлемдік сауда жүйесіне қысым түсіріп, геоэкономикалық бәсекені күшейтуі ықтимал.
Жалпы алғанда, Дональд Трамптың билікке қайта келуі әлемдік тәртіптің болжамдылығын әлсіреткен фактор ретінде бағаланды. 2025 жыл осы тұрғыдан алғанда, халықаралық саясатта тұрақты ережелерден гөрі жекелеген лидерлердің шешімдері шешуші рөл атқара бастаған кезеңнің бастамасы болды.
Путин мен Трамп Аляскада саммит өткізді
2025 жылғы 15 тамызда Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың Аляска штатындағы Анкоридж қаласында ресми кездесу өткізді. Саммит Joint Base Elmendorf-Richardson әскери базасында өтті.
Кездесу екі ел арасындағы саяси диалогты қалпына келтіру және Украинадағы соғысқа байланысты жағдайды талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ келіссөздер барысында стратегиялық қауіпсіздік, ядролық қаруды бақылау және халықаралық тұрақтылық мәселелері қаралды.

Фото: РИА Новости
Саммит жабық форматта өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар нақты келісімге қол қойған жоқ. Алайда Владимир Путин мен Дональд Трамп дипломатиялық диалогты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді және бірқатар бағыттар бойынша алға жылжу бар екенін атап өтті.
Сарапшылар бұл кездесуді АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастағы ұзақ үзілістен кейінгі маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағалап отыр. Дегенмен Украинадағы соғысқа қатысты нақты шешімдер қабылданбады.
АҚШ–Қытай тариф дағдарысы
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импорттық тауарларға жоғары баж салығын енгізіп, екі ірі экономиканың арасындағы сауда текетіресін одан әрі ушықтырды. Трамп әкімшілігі Қытайдың сирек кездесетін минералдар экспортын шектеуіне жауап ретінде тарифтерді қайта қарастырды және қосымша баж салығын қолдануды жоспарлап отырғанын жариялады.
“Олар мені осындай қадамға мәжбүр етті”, – деп мәлімдеді Трамп.
Трамп сондай-ақ өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында Қытайға салынатын тарифтердің жоғары деңгейіне қарамастан, Америка экономикасын нығайту және сауда теңгерімін жақсартудың қажеттігін айтты.

Фото: Shutterstock
Екі ел арасындағы бұл текетірес әлі де жалғасып, АҚШ жариялаған жаңа чиптерге салынатын тарифті 2027 жылға дейін кейінге қалдырғанымен, Қытайдың экспорттық шектеулеріне қарсы дипломатиялық және экономикалық қысым сақталуда.
Трамп әкімшілігі бұл тарифтік шараларды сауда теңгерімін түзету, ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық салаларды қорғау мақсатында қолданатынын айтады. Қытай жағы болса бұл қадамды адал емес сауда практикасы және әлемдік экономикаға зиян келтіру ретінде сынаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 2025 жылы америкалық өндірісті қорғау және сауда теңгерімін жақсарту мақсатында Қытайдан басқа да бірнеше елден келетін импорттық тауарларға жаңа баж салығын енгізген еді.
Атап айтқанда, АҚШ Канада мен Мексикадан жеткізілетін бірқатар өнімдерге 25 пайызға дейінгі тарифтерді қолданды. Сонымен қатар Бразилия, Үндістан, Тайвань және өзге де ондаған елдің экспорттық тауарларына қосымша баж салығы салынды.
Миграциялық дағдарыстың жаңа толқыны
Дональд Трамп әкімшілігі елдегі миграциялық дағдарысты шеше тұра, иммиграцияға қатысты жаңа қатаң шараларды одан сайын күшейтті.
Трамп әкімшілігі заңсыз жүрген мигранттарды құнды ынталандырумен елден шығуға шақыру үшін үш есе көбейтілген қаржылай көмек (3000 доллар) ұсынып отыр. АҚШ Орталық Ұлттық Қауіпсіздік Департаменті бұл ұсынысты “өз еркімен кетуді қамтамасыз ету” деп атады.
"Егер олар қолданбаған жағдайда, біз оларды табамыз, ұстаймыз және олар ешқашан оралмайды" – деді DHS басшысы Кристи Ноем.

Фото: Reuters
Сонымен бірге әкімшілік мыңдаған белсенді баспана өтініштерін қараусыз жоюды көздеп, мигранттарды үшінші елдерге депортациялауды ұсынуда, бұл саясат 2026 жылға арналған иммиграцияға қарсы күресті одан әрі күшейтуді көрсетеді.
"Барлық заңсыз мигранттар біздің жүйеміз толық қалпына келгенше тоқтатылуы тиіс", – деп мәлімдеді Трамп.
Нәтижесінде елде босқын мәртебесін алуға өтініш берушілер саны күрт төмендеп, шекаралық бақылау күшейтілуде. Сарапшылар бұл саясаттың адам құқықтары саласында сынға ұшырап, халықаралық гуманитарлық міндеттемелерге әсер етуі мүмкін екенін ескертуде.
Оған қоса, АҚШ билігі 2025 жылы миграциялық саясатты қатаңдату аясында Green Card лотереясы мен бірқатар тұрақты тұру рұқсаттарын рәсімдеу процестерін уақытша тоқтатты.
АҚШ-тағы 35 күнге созылған шатдаун
2025 жылдың 4 қарашасында АҚШ Конгресі бюджет мәселесінде келісімге келе алмай, үкімет жұмысы 35 күнге тоқтаған. Мыңдаған мемлекеттік қызметкерлер мәжбүрлі еңбек демалысына жіберіліп, қалғандары жалақысыз жұмыс істеуге мәжбүр болған
Саяси тартыс демократтар мен республикалықтар арасында шиеленісті. Жақында жүргізілген сауалнамада респонденттердің 50 пайызы басты кінәні республикалықтарға, ал 43 пайызы демократтарға артады деп санайды.

Фото: ВВС
"Ресми түрде бұл АҚШ тарихында екінші ұзақ шатдаун. Демократтар газлайтинг пен жалған ақпаратқа жол беріп жатыр”, – деп бағалаған оқиғаны өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон.
"Бұл Трамп жасаған шатдаун. Біз бұл мәселені екі тараптың да көңілінен шығатындай жолмен шешуге дайынбыз. Америкада тұру тым қымбат. Дональд Трамп пен оның тарифтері жағдайды нашарлатып жатыр", – деген еді демократтардың лидері Хаким Джеффирс.
Бұдан бұрынғы ең ұзақ шатдаун да Трамп президенттігі кезінде орын алған еді. Сенат пен Өкілдер палатасы бірнеше рет уақытша қаржыландыруды қабылдауға тырысқанымен, қажетті дауыс санын жинай алмаған.
2025 жылғы 12 қарашада АҚШ Өкілдер палатасы мен Сенат бюджетті уақытша қаржыландыру туралы заң жобасын мақұлдады, ал президент Дональд Трамп қол қойды, осылайша шатдаун ресми түрде аяқталды.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс: Келіссөздер қай деңгейге жетті?
2025 жыл Украинадағы соғыс үшін әскери қақтығыстармен қатар, дипломатиялық келіссөздер күшейген кезең болды. Майдан даласында шабуылдар жалғасқанымен, халықаралық деңгейде соғысты тоқтату жөніндегі бастамалар жиі көтерілді.
Жыл бойы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар Донецк, Харьков және Запорожье бағыттарында жалғасты. Украина қалаларына зымыран және дрон соққылары жасалып, азаматтық инфрақұрылым зардап шекті. Киев бұл шабуылдарды “террорлық әрекет” деп атады.
“Ресейдің шабуылдары бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталған. Украина өз жерін қорғауды жалғастырады”, – деді Зеленский өз сөзінде.
2025 жылы Түркия, АҚШ және Еуропа елдерінің арағайындығымен бірнеше рет бейресми және гуманитарлық келіссөздер өтті. Тараптар тұтқын алмасу және гуманитарлық мәселелер бойынша бірқатар уағдаластықтарға келді.
“Біз кез келген форматтағы келіссөзге дайынбыз. Бірақ басты шарт – толық әрі шартсыз атысты тоқтату”, – деп мәлімдеді Зеленский.
АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы келісім жақын арада орнайтынын талай рет айтқан.

Фото: АР
“Біз Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға өте жақынбыз. Бұл – ұзаққа созылған қақтығысты аяқтауға берілген үлкен мүмкіндік”, – деді Трамп.
Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылы бірнеше рет Мәскеудің ұстанымы өзгермегенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей “қауіпсіздік мүдделерін” ескермейінше, келісімге келу қиын.
“Ресей бейбіт келіссөздерге қарсы емес, бірақ ол біздің ұлттық қауіпсіздігімізді толық қамтамасыз етуі тиіс”, – деді Путин.
Еуропалық одақ пен НАТО елдері 2025 жылы Украинаға қаржылай және әскери қолдауды жалғастырды. Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияларды сақтап қалды. Ал Түркия мен бірқатар бейтарап мемлекеттер бейбіт келіссөздер алаңын ұсынуды жалғастырды.
2025 жыл Украинадағы соғысты тоқтату жолындағы үміт пен белгісіздік қатар жүрген кезең болды. Майдандағы қақтығыстар әлі де жалғасып жатқанымен, АҚШ пен халықаралық қауымдастықтың араласуымен дипломатиялық келіссөздер жаңа деңгейге көтерілді. Зеленский соғысты әділ бейбітшілікпен аяқтауды талап етсе, Трамп келісімге жақындағанын мәлімдеді, ал Путин Ресейдің шарттары орындалуы тиіс екенін алға тартты.
Сарапшылардың пікірінше, 2025 жыл соғысты аяқтауға негіз қаланған, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбаған жыл ретінде тарихта қалуы мүмкін.
Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі Сирия
2024 жылдың соңында Сирияны 50 жылдан астам уақыт басқарған Башар Асад режимі құлады. “Хаят Тахрир аш-Шам” тобы бастаған көтерілісшілер Дамаскты қарсылықсыз басып алып, Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашты. 2025 жылы Сирия үшін жаңа кезең басталды. Уақытша президент қызметіне Ахмад аш-Шараа келді.
Бұрынғыдай әуе шабуылдары тоқтағанымен, елдегі жағдай толық тұрақтанған жоқ. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдеуінше, Сирияда “қауіпсіздік саласы бөлшектенген күйде қалып отыр”.
Елдің әр аймағында үкімет күштері мен күрд және друз қауымдастықтары арасында қақтығыстар жалғасуда. Сондай-ақ “Ислам мемлекеті” ұйымының қайта күшею қаупі бар. Еуропалық баспана агенттігінің дерегінше, билік елдегі ахуалды толық бақылауда ұстай алмай отыр, қылмыс пен кек алу әрекеттері тіркелуде.
Жаңа билік Асад режимі кезінде жоғалған адамдарды іздейтін және бұрынғы қылмыстарды тергейтін екі комиссия құрды. Алайда құқық қорғау ұйымдары бұл процесті сынға алады. Human Rights Watch ұйымының айтуынша, тек бұрынғы биліктің қылмыстары қаралып, басқа қарулы топтардың әрекеттері назардан тыс қалып отыр.
Сирияда ұзақ жылдардан кейін парламент сайлауы өтті, бірақ ол тікелей емес, сайлаушылар алқасы арқылы ұйымдастырылды. Ахмад аш-Шараа жаңа конституция қабылданғанға дейін уақытша президент болып қала береді.

Фото: Reuters
Сирия сыртқы саясатта айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді. Ел басшылығы БҰҰ мінберінен сөз сөйледі, ал Ахмад аш-Шараа 1946 жылдан бері алғаш рет Ақ үйге барған сириялық көшбасшы атанды. Ол сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путинмен де кездесті.
Алайда басты мәселе – Израильдің Сирия аумағына жасаған әскери операциялары. БҰҰ өкілінің айтуынша, бұл шабуылдар аймақтағы шиеленісті күшейтіп, саяси өзгерістерге қауіп төндіреді.
Соғыс жылдары елден кеткен шамамен 2,9 миллион сириялық қайта оралды. Бірақ көпшілігі қираған үйлерді, жұмыс істемейтін мектептер мен ауруханаларды көруде. Елдегі су желілерінің жартысынан көбі, электр жүйесінің 80 пайызы істен шыққан.
Экономика әлі де ауыр жағдайда. Халықтың шамамен төрттен бірі кедейліктің шегінде өмір сүріп жатыр. Дүниежүзілік банк 2025 жылы экономика 1 пайызға өседі деп болжағанымен, сарапшылар бұл өзгеріс қарапайым халықтың тұрмысында әзірге сезілмей отырғанын айтады.
Оңтүстік Корея президентінің импичменті
2025 жылғы 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Юн Сок Ёльге қатысты импичментті бір ауыздан растап, оны қызметінен алды. Бұл оқиға бірнеше айлық саяси дағдарыстан кейін орын алған.
Импичментке 2024 жылғы желтоқсанда Юнның бүкіл елде әскери жағдай енгізуі себеп болған. Ол мұны “мемлекетті антиконституциялық күштерден қорғау қажеттілігімен” деп түсіндірді. Билік өкілдері парламент жұмысына шектеу қойып, оппозициялық саясаткерлерді тұтқындауға талпынды, бұл елде халықтық наразылықтарға және халықаралық алаңдаушылыққа себеп болды.

Фото: agenzianova.com
Юн қызметінен алынғаннан кейін парламент кезектен тыс президент сайлауын тағайындады. Сайлау 2025 жылғы 3 маусымда өтті, және жеңіске Демократиялық партиядан Ли Чжэ Мён жетті. Жаңа президент “заңдылықты, демократияны және азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін қалпына келтіруді” жариялады.
Экс-президент Юн Сок Ёль президенттік иммунитеттен айырылды және оған қарсы билікті басып алуға және қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалануға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Саясаттанушылар бұл оқиғаны қазіргі демократиядағы сирек кездесетін прецедент деп бағалап, Оңтүстік Кореяның сот жүйесінің тәуелсіздігін атап өтті.
Иран мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі
2025 жылы Иран мен Батыс арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейдегі шиеленіс пен тұрақсыз тепе-теңдік жағдайында сипатталады. Ядролық келісім (JCPOA) іс жүзінде қайта жанданбады, ал Иран уран байыту көлемін сақтап отыр. Бұл АҚШ пен ЕО тарапынан санкциялық қысымды әлсіретпей, керісінше, оны саяси құрал ретінде қолдануды жалғастыруға әкелді.
Аймақтық деңгейде Иранның Таяу Шығыстағы ықпалы (Газадағы соғыс, Қызыл теңіздегі хуситтер факторымен байланысты қауіпсіздік мәселелері) Батыспен текетіресті тереңдетті. Израиль–Иран арасындағы тікелей емес қақтығыс қаупі де 2025 жылы басты қауіп факторларының бірі болды.
Сонымен бірге, тараптар ашық соғыстан қашып, дипломатиялық арналарды толық жаппауға тырысты. 2025 жыл Иран мен Батыс үшін – қысым, шектеулі диалог және сенім дағдарысы қатар жүрген кезең ретінде бағаланады.
Қытай–Тайвань төңірегіндегі әскери қысымның артуы
2025 жылы Қытай мен Тайвань төңірегіндегі әскери қысым айтарлықтай күшейді. Қытай Тайвань маңында ірі әскери жаттығуларды өткізіп, әуе және теңіз патрульдерін жиілетіп, блокадаға ұқсас сценарийлерді пысықтады. Желтоқсанда Қытайдың әскери кемелері Тайваньның шығыс жағалауында бірнеше күн бойы қоршау маневрін жасады, бұл аймақтағы шиеленістің ең жоғарғы нүктесі болды.
Тайвань өз кезегінде қорғаныс қабілетін күшейтіп, АҚШ пен одақтастарымен әскери ынтымақтастықты тереңдетті. АҚШ-тың Тайваньға қолдауы Қытайдың наразылығын туғызып, аймақтағы геосаяси шиеленісті арттырды.
Жалпы, 2025 жыл Қытай–Тайвань қатынасы үшін әскери қысым өскен, бірақ ашық соғысқа ұласпаған тұрақсыз кезең ретінде сипатталады.
Африкадағы әскери төңкерістер
Фото: АР
2025 жылы Африкада бірнеше мемлекетте әскери билік басты саяси өзгерістерге себеп болды немесе саяси дағдарыстарға ұласты.
26 қарашада елде төңкеріс жүзеге асты – президент Умаро Сисоко Эмбалоны әскери қолбасшылар биліктен тайдырды және оны қамаққа алды. Әскерилер елдің бақылауын толық қолға алып, High Military Command for the Restoration of National Security and Public Order деп аталатын жаңа билік құрылымын жариялады. Бұл төңкеріс елдің сайлау нәтижелері жариялануға тиіс кезеңнен бір күн бұрын болды.
Қазан айында Мадагаскарда ауқымды анти‑өкіметтік наразылықтар билік құрылымында ірі өзгеріске ұласты. Апта бойы жалғасқан жаппай көтерілістерден кейін елдің CAPSAT әскери бірлігі президент Андри Ражоелинаны биліктен алып тастап, оның орнына полковник Майкл Рандрианирина уақытша президент ретінде ант берді. Әскерилер барлық мемлекеттік институттарды таратып, жаңа өтпелі әкімшілік құрды, ал Африка Одағы елді кеңінен мойындаудан уақытша тоқтатты.
2025 жылы Бенинде әскери төңкеріс жасау әрекеті де байқалды. Елдің әскери күштері билікке талпыныс жасағаны туралы ақпарат тарады, бірақ жағдай кейіннен бақылауда ұсталды және толығымен төңкеріске жол берілмеді. Кейбір ақпарат көздері бойынша президент Патрис Талон қызметінен шеттетілгені туралы да хабарлар болды, алайда бұған қатысты ресми және толық расталған мәліметтер аз.
Сахель өңіріндегі Мали мен Нигерде әскери билік 2025 жылы да жалғасып отыр. Бұл елдер 2020–2023 жылдары орын алған әскери төңкерістерден кейінгі өтпелі кезеңде билікті әскери жетекшілер ұстап отыр және аймақтағы қауіпсіздік пен экстремизммен күрес саясаты олардың саяси тіршілігінде маңызды орын алады.
Африка Одағы және халықаралық қауымдастық тарапынан әскери төңкерістерге қатысы бар елдерге қарсы санкциялар мен диалог шаралары қарастырылып, саяси өтпелі кезеңдерді реттеуге бағытталған консультациялар өткізілді.
Израиль мен Иран арасында қақтығыс өршіді
2025 жылдың маусым айында Израиль мен Иран арасында қарулы қақтығыс өршіді. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі қақтығыстардың бірі болды. Израиль Иранның ядролық және әскери объектілеріне әуе шабуылдарын жасады. Бұл операция, Operation Rising Lion деп аталды, ядролық бағдарлама мен зымыран өндірісімен байланысты объектілерді нысанаға алу мақсатында жүргізілді.
Иран өз жауабында Израильге 150-тен астам баллистикалық зымыран мен 100-ден астам дрон арқылы шабуыл жасады. Израиль әуе қорғаныс жүйелері көп шабуылдарды тойтарып, бірақ ракеталық соққылар адамдарға зиян келтіріп, аймақтағы жағдайды шиеленістірді.
Қақтығыс шамамен 12 күнге созылды және атысты тоқтату арқылы аяқталды, бірақ екі ел арасындағы мәселе шешілмеді. Қақтығыс салдарынан Иранның ядролық инфрақұрылымы мен Израильдің қорғаныс қабілеттерінің елеулі зақымданған. Халықаралық қоғам, соның ішінде Еуроодақ, жағдайды бақылап, қақтығыстың одан әрі ушығуын болдырмауға тырысты. Соғыстан кейін Иран баллистикалық зымыран сынақтарын жалғастырды, Израиль болса, болашақта жаңа соққылар жасау мүмкіндігін ескертті.
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс жалғасты
2025 жылы Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығыс қайта өршіп, аймақтағы жағдай күрт шиеленісті. Израиль әскері Газа секторында бірнеше әскери операция жүргізді, ал Батыс жағалауда 19 жаңа еврей поселкесінің құрылуы жергілікті палестиналық тұрғындар мен халықаралық қауымдастық тарапынан наразылық туғызды.
Халықаралық деректерге сәйкес, 2023 жылдан бері жалғасып жатқан қақтығыс нәтижесінде Газа секторында шамамен 60 000 адам қаза тапты, оның ішінде 17 900-ден астам бала және 9 500-ге жуық әйел бар. Израиль жағында соғыс салдарынан 1 600-ден астам адам қаза тауып, Батыс жағалаудағы 2025 жылғы қақтығыстарда 186 палестиналық және 16 израильдік көз жұмды.

Фото: AP Photo
2025 жылдың қазан айында АҚШ-тың қолдауымен қысқа мерзімді татуласу келісімі жасалып, кейбір тұтқындар босатылды. Дегенмен, толық бейбітшілік әлі қамтамасыз етілген жоқ, және тараптар келісімнің орындалуы бойынша бір-бірін айыптауды жалғастыруда. Израиль әскери министрлігінің мәлімдеуінше, әскери қызмет Gazada ұзақ мерзімге қалдырылады.
Аймақтағы гуманитарлық жағдай да күрделі. Газа секторындағы инфрақұрылым зақымданған, су жүйелерінің 90% қираған. Халықаралық ұйымдар мен көрші елдер тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру бағытында әрекет жасауда.
Халықаралық қауымдастық пен БҰҰ өкілдері қақтығысты тоқтату және аймақтағы бейбітшілікті қалпына келтіру үшін Израиль мен Палестинаға қысым көрсетіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі шиеленіс тек Газа мен Батыс жағалаумен шектеліп қалмай, аймақтағы саяси тұрақтылыққа да қауіп төндіруде.
Непалда жастар наразылығы: Премьер-министр отставкаға кетті
2025 жылғы 8–13 қыркүйекте Непалда Gen Z қозғалысына қатысқан жастардың жаппай наразылықтары өтті. Наразылықтың негізгі себептері – әлеуметтік желілерді бұғаттау, сыбайлас жемқорлық, экономикалық қиындықтар және жастардың болашаққа сенімсіздігі.

Фото: India Today
Шерулер барысында Катманду мен басқа қалаларда үкімет ғимараттары мен саяси лидерлердің үйлері зақымданды, жолдар жабылды. Қақтығыстар кезінде 70-тен астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды.
Үкіметке қысымның артуынан кейін премьер-министр К.П. Шарма Оли отставкаға кетті, әлеуметтік желілерге шектеу алынды, ал 2026 жылы жаңа сайлау өткізілетіні жарияланды. Сарапшылар бұл қозғалысты Непалдағы жастар саяси белсенділігінің жаңа кезеңі деп бағалауда.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекара дауы
2025 жылғы желтоқсан айында Таиланд пен Камбоджа арасындағы ұзаққа созылған шекара дауы қайтадан ушығып, екі жақтың қарулы қақтығыстары апатты гуманитарлық жайға айналды. Бірнеше аптаға созылған атыстар мен ракеталық және артиллериялық соққылар салдарынан кемінде 101 адам қаза тапты, 500 мыңнан астам адам эвакуацияланды және шекара аймағы бойынша бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Атыс желтоқсанның ортасында қайта күшейіп, екі ел бір‑бірін бітім келісімін бұзды деп айыптады. Камбоджа билігі Таиландты бейбіт келіссөздер кезінде түнгі соққылар жасады деп айыптады, ал Таиланд әуеден соққылар мен артиллериялық шабуылдарды жүзеге асырды деген хабарлар шықты.
Халықаралық араласумен өткізілген келіссөздер нәтижесінде 27 желтоқсанда екінші рет жаңа бітім туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім атыстарды тоқтатып, екі елдің қорғаныс министрлері тарапынан қол қойылды. Бітім дәл осы келісімнен кейін әлі әрі қарай нығайтылуда, дипломатиялық байланыс пен сенімді қалпына келтіру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Келіссөздерге Қытай сыртқы істер министрі Ван И де қатысып, тұрақты тыныштықты қалпына келтіру үшін тараптарды диалогқа шақырып, гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Ватиканда жаңа Папа сайланды
2025 жылғы 8 мамыр – Католик әлемі тарихи оқиғаға куә болды. Папа Франциск 21 сәуірде қайтыс болған еді. Кейін 133 кардиналдан тұратын конклав жаңа Рим Папасын сайлады.
Сикстин капелласында өткен дауыс беру барысында бірнеше раунд өткен соң АҚШ кардиналы Роберт Фрэнсис Превост жеңіске жетіп, Папа Лео XIV атын алды. Ол тарихта АҚШ‑тан шыққан алғашқы Папа болып саналады.

Фото: Әлеуметтік желіден
Конклав қатысушылары: 133 кардинал, дауыс беру екі-үштік дауыспен өтті. Бірнеше алғашқы раундта қара түтін шығып, жаңа Папаның әлі сайланбағанын білдірді. Ақ түтін 8 мамырда шығып, жаңа Папаның сайланғанын ресми түрде хабарлады.
Жаңа Папа Лео XIV өз қызметінде әлемдік католик қауымдастығын біріктіру, тыныштық пен діни тұрақтылықты нығайту міндеттеріне баса назар аударатынын мәлімдеді.
Король Карл III ағасы ханзада титулынан айырды
Британдық король Карл III өзінің кіші ағасы Эндрю ханзаданы барлық титулдарынан айырды. Эндрюге “Royal Lodge” резиденциясынан басқа жаққа көшірілген.
Бұл шешім Эндрюдің Эпштейнмен достығына байланысты қабылданды. Джеффри Эпштейн АҚШ-та кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту ісі бойынша айыпталған. 2019 жылы ол түрмеде асылып көз жұмған.

Фото: Reuters
Эпштейнмен достық тақырыбы Вирджиния Жуффрдің өсиетнамалық естеліктерінен үзінділер жарияланғаннан кейін қайта назарға түсті. Онда Жуффр Эпштейннің адам саудасына ұшырағанын және 17 жасында Эндрю ханзадамен жыныстық қатынаста болғанын айтады.
Букингем сарайының мәліметінше, қазір Эндрюге “Эндрю Маунтбеттен-Виндзор” деген есім беріледі.
Қазан айында Эндрю Йорк герцогының титулынан бас тартқанын мәлімдеген болатын. 2022 жылы ол басқа титулдардың көбінен айырылып, корольдік міндеттерінен шеттетілген. Дегенмен, оның ханзада титулынан айырылуы оның таққа мұрагер бол алмайды деген сөз емес.
Климаттық апаттар
2025 жыл жаһандық климаттық дағдарыстың айқын көрінісі ретінде тарихқа енді. Бұл жылы ғаламдық орташа температура жоғары дәрежеде қалып, рекордтық аптап ыстықтар, орман өрттері, өңірлер бойынша қатты су тасқындары мен циклондар тіркелді. Ғылыми деректер бойынша әлемнің көптеген аймақтарында климаттық экстремумдар ерекше белсенді болды.
Еуропа мен Солтүстік Америкада жаз бойы рекордтық аптап ыстық байқалды. Бұл жоғары температуралар орман өрттерінің өршуіне алып келді. Ұлыбритания мен басқа аймақтарда құрғақшылық пен өрттер табиғи ортаны қатты зардапқа ұшыратты.
Азия мен Тынық мұхиты аймағында қатты жауын‑шашыннан флеш‑тасқындар мен жер асты көшкіні секілді апаттар болды. Бразилия, Таиланд, Индонезия және Шри‑Ланкада жергілікті климаттық экстремумдар халыққа зиян келтірді.

Фото: АА
2025 жылы Үндістан мен Пәкістанда болған су тасқындары ең көп адам қаза тапқан оқиғалардың бірі болды. Салдарынан 1 860 адам көз жұмған. Оңтүстік және Оңтүстік‑Шығыс Азиядағы циклондар мен тасқындар
Таиланд, Индонезия, Шри‑Ланка, Вьетнам және Малайзияда өткен циклондар мен су тасқындарында 1 750‑тен астам адам қаза тапты. Калифорниядағы ірі орман өрттері саны бойынша ең қымбат әрі адам шығыны жағынан ауыр апаттардың бірі болды. 400‑ден астам адам қаза болды. Пәкістанда алты айға созылған қарқындылығы жоғары жауын‑шашын мен тасқындар салдарынан 1 000‑нан астам адам қаза тапты.
2025 жылғы климаттық апаттар әлем экономикасына ірі шығын әкелді. Жаңа есептер бойынша жыл бойы жойқын апаттардан $120 миллиардтан астам шығын келді, бұл жылды климат шығындары бойынша ең қымбат жылдардың біріне айналдырды.
Ғалымдар бұл экстремалды ауа‑райының адам әрекетімен тікелей байланысты екенін, жаһандық жылынудың қарқын алып жатқанын және елдердің климаттық келісімдер мен адаптация шараларын күшейтуі қажет екенін ескертеді.
2025 жыл климаттық экстремумдар тұрғысынан рекордтық оқиғаларға толы болды – аптап ыстық, өрттер, су тасқындары, циклондар мен үлкен экономикалық шығындар әлем халқын қатты әсер етті.
Expo 2025
2025 жылдың 13 сәуірінен 13 қазанына дейін Жапонияның Осака қаласында өткен халықаралық Expo 2025 көрмесі өз жұмысын сәтті аяқтады. Көрменің басты тақырыбы – болашақ қоғамын жобалау болды.
Көрмеге 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысты, ал келушілер саны 28 миллионнан асты. Халықаралық қатысушылар сан алуан бағыттағы инновациялық жобаларын көрсетті: цифрлық технологиялар, экология, туризм, мәдениет және жаңа энергия көздері.

Фото: japan-navi-journey.com
Көрмеде сондай-ақ жаңа технологиялар, электрлік әуе таксилері, робототехника, жасанды интеллект шешімдері көрсетілді. Expo 2025 ауқымды халықаралық байланыс пен ынтымақтастықты арттыруға, сондай-ақ әр елдің мәдени және инновациялық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.
2025 жыл әлем үшін тұрақсыздық пен дағдарыстардың айқын көрінісі ретінде есте қалды. Әлемдік саясат, әскери қақтығыстар, экономикалық текетірестер мен климаттық апаттар жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндірді. Сол себепті 2025 жыл халықаралық қатынастар мен қоғам дамуының жаңа динамикасына бет бұрған кезең болып саналады.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған