Әлем кубогында қазақстандық екі боксшы жекпе-жекке шықпай-ақ жүлдеге ілінді
Бүгін кешке бокстан Әлем кубогы өз бастауын алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтетін жарыстың жеребе тарту рәсімі аяқталды. World Boxing ұйымы аясындағы турнирде екі қазақстандық боксшы жарысты бірден жартылай финалдан бастайды.
Әйелдер арасында 57 келіде өнер көрсететін Ұлжан Сәрсенбек ½ финалда Польша аруы Юлия Шеремета мен АҚШ өкілі Алисса Мендоза жұбының жеңімпазымен кездеседі.
85 келі салмақта Дәулет Төлемісовте жарысты жартылай финалдан бастайды. Отандасымыз ақтық бәсеке үшін француз Абдулайе Траоре мен үндістандық Жугно Жугно жұбының жеңімпазымен жолығады.
Қос спортшы шаршы алаңға 4 сәуірден 5 сәуірге қараған түні шығады. Айта кетейік, Әлем кубогы World Boxing ұйымының ересектер арасында өткізіп жатқан алғашқы жарысы.
Бұған дейін, ерлер арасындағы жеребе тарту қорытындысы бойынша қазақстандық боксшыларға кімдер қарсылас атанғанын хабарлаған едік.