Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов туралы не білеміз (фото)
Көптеген спортшылар өздерінің жеке өмірін жасырып, жетістіктерімен мақтанбауды жөн көреді. Дәл осындай спортшылардың қатарында Данияр Елеусінов те бар. Осыған орай Stan.kz спортшының жеке өмірі мен халықаралық жарыстардағы жетістіктері туралы мәліметтерді ұсынуды жөн көріп отыр.
Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar/?hl=ru
Еліміздегі жұлдыздардың жеке өмірі халықтың назарында жүреді. Олардың инстаграм парақшасы арқылы жұрт күнделікті не киіп, не ішіп жүргендеріне дейін біліп отырады. Тіпті, суреттеріне қарап сүйіктілерімен қарым-қатынасының қалай өрбіп жатқанын да болжап үлгереді. Ал спортшыларымыздың жайы басқа. Олардың көбі дерлік сүйіктілерін жасырып, халық көзінен тасалағысы келеді. Сол жандардың қатарында Данияр Елеусінов те бар. Ол осы уақытқа дейін өзінің үйленгенін, бір жас 2 айлық ұлының бар екенін жасырып келді. Олай болса назарларыңызға Данияр Елеусіновтің жетістіктері мен жеке өмірі туралы мәліметтерді ұсынамыз.
Елеусінов Данияр Маратұлы 1991 жылы 13 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Казталовск ауданы, Қайыңды елді мекенінде дүниеге келген.
Ол – қазақстандық әуесқой боксшы, 2013 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, 2016 жылғы Бразиялияда өткен Олимпиада чемпионы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері.
2006 жылы кадеттер арасында чемпион атанған, Мексикада 2008 жылы өткен жастар арасындағы чемпионаттың финалисі, 2010 жылғы Қазақстан мен Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының чемпионы.
2012 жылғы олимпиадалық квалификациялық континенталдық турнир мен ҚР Кубогының жеңімпазы. Аталған жылдағы Лондонда өткен олимпиада ойындарының бас жүлде иегері.
2013 жылғы 69 кг салмақтағы Азия чемпионы. Мұнымен қатар, 2013 жылдың 26 қазанында кубалық боксшы Ариснойдиса Деспаньені жеңіп, 69 кг салмақтағы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған болатын.
Осы жекпе-жекте қарсыласын 30-27 есебімен жеңген-ді. Араға екі жыл салып Дохада өткен әлем чемпионатында 69 кг салмақ бойынша күміс жүлдеге ие болған.
Данияр Елеусінов осы уақытқа дейін заңды жұбайы мен бір жастан асқан сәбиін жасырып келді. Тіпті, үйленгенін де жұртқа жарияламаған. Десе де, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы оның қуанышын бөлісіп, сүйінші сұрады. Боксшының тұңғышы ұл бала екен. Жуырда өзі де жартылай жеңісін әйелінің туған күніне арнап, оған деген құрметі мен сүйіспеншілігін жеткізген-ді.
Данияр спортпен 9 жасынан бастап айналысқан. Бұл уақытта болашақ чемпионның отбасы Оралда тұрып жатқан болатын. Марат Елеусінов алдымен тұңғышын, кейін Даниярды жаттықтырған.
2007 жылы Елеусіновтердің отбасы балаларының болашағын ойлап Астана қаласына көшу туралы шешім қабылдайды. Қазір де олар еліміздің бас қаласында тұрып жатыр.
Боксшы сұхбаттарының бірінде барлық жеңісін анасына арнайтынын айтқан болатын. “Анам әр кез мен шаршы алаңға шыққан сайын қатты қиналады. Жұрт ол әлдеқайда үйренген болар деп ойлайды. Жоқ, ол әлі күнге дейін мен жұдырықтасқан кезде алаңдап, жүйкесі тозып отырады. Балаңның таяқ жеп жатқанын көру оңай емес. Бұрын жарыстарға менімен бірге баратын, қазір тек теледидардан тамашалайды. Анам да әкем секілді менің мансап жолында биікке көтерілгенімді қалайды”, – дейді боксшы.
Боксшының өзі үлгі тұтып, жұдырықтасқандарын сүйіп көретін кумирлері бар екен. Олар – Серік Қонақбаев, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрагимов, Шугар Рэй Леонард, Мұхаммед Әли, Рой Джонс, Де Ла Хойя.
Жіберіп алмаңыз:
Боксшы Елеусінов үйленген болып шықты
Мейвезер Елеусіновтің бокстасу техникасына тәнті болды (видео)
Жұлдыздар Елеусіновті құттықтап, халықтың қуанышына ортақтасты (фото, видео)